Иә, қадірлі мамандық көп. Дегенмен солардың ішінде ақ халатты абзал жан атанған дәрігерлердің орны тым ерекше. Балтыр сыздап, бас ауырса, Алладан тілеу, дәрігерден медеу іздейтініміз бар жасырын емес. Әсіресе, кешегі әлемді шарпыған індетпен өзгенің өмірін аялап, өз өмірін аямаған ақ халаттылар тыным таппай күресті. Солардың бірі – Молдағалиева Әлия Түлкіқызы.
Ол аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің мейірбикесі. Мейірбикелік мамандық арнайы машықты, білімін қолданудағы ептілікті қажет етеді. Олар науқастарды емдеуде емделушінің жай-күйін дер кезінде бағалап, жалпы жағдайын жақсартуға, асқыну қауіптерін мейлінше азайтуға бар күшін салады. Сондай-ақ, тиісті ұлттық стандарттың талаптарын орындайды. 38 жылдан бері осы салада тынбай еңбек етіп келетін. Әлия Түлкіқызы да отбасының ошағын жағып қана қоймай, әрбір науқастың көңілінен шығып, құрметіне бөленіп жүр.
1966 жылы Қызылқоға ауданында дүниеге келген ол1984 жылы Қаракөл орта мектебін аяқтап, Ақтөбедегі медициналық колледжге оқуға түскен. 1986 жылдың қазан айынан бастап Мақат аудандық ауруханасының жұқпалы ауруханалар бөлімшесінде еңбек жолын бастаған.
Оның бұл саланы таңдауына бала күнгі аппақ арманы түрткі болған. Кейін әрбір науқастың алғысын алып, қолұшын созудың қаншалықты игі жақсылық екендігін біліп, кәсіп таңдағанда қателеспегенін ұғынған.
Әлия ханым еңбек жолында «Covid-19» дертімен күрескенін күрсіне еске алады.
-Медицина қызметкерлері күні-түні ел амандығы үшін аянбай қызмет етті. Бірнеше ай бойы өз отбасыларымен қауыша алмай, карантиндік режимде жұмыс жасады. Олар халықтың денсаулығы үшін коронавирус індетімен күресте мамандықтарына адалдық танытты. Солардың қатарында өзім де болдым. Бұл ақ халат пен ардың ісі болатын, - дейді ол.
Бүгінде Әлия Түлкіқызы асыл жар, үш бірдей бала тәрбиелеген аяулы ана, келін түсірген қадірлі ене және сүйікті әже.
Ж.ҚАМЗА