Бүгін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Азамат Мәмбетов білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесті.
Жиында алдымен сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Жанболат Кукембаев ауданға қарасты барлық орта мектептермен, мектеп-интернаттарындағы күрмеуі қиын, шешімін таппаған өзекті мәселелер турасында баяндама жасады.
Сонымен қатар, кездесу барысында мектеп директорлары тарапынан мектептердегі материалдық техникалық базаның жеткіліксіздігі, балалар тасымалы үшін автобустың аздығы, жайлы мектеп және өнер мектебін салу, мектептерді толық бейнекамерамен қамту, түзету мекемесін мектептерден бөлу секілді бірқатар мәселелер айтылды.
Кездесу соңында аудан әкімі Азамат Мәмбетов айтылған ұсыныс-пікірлерге байланысты әкімдік тарапынан жұмыстар атқарылып, қолдау көрсетілетінін жеткізіп, білім бөлімінің басшысы Жанболат Кукембаевқа барлық қажеттілік толық қамтылған «Жол картасын» дайындап, ұсынуды тапсырды.
Сондай-ақ, аудан әкімі Азамат Саматұлы барлық ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, озық ойлы шәкірттер санының арта беруін тіледі.
Ботакөз Асхатқызы