Жаңа жобалар – дамудың кепілі

(0 Votes)

Қазақ мұнайының қарашаңырағы атанған Доссор елді мекенінде қазір аудан халқының 13 мыңнан астам тұрғыны шоғырланып, әлеуеті дамып келетін кенттер қатарында.

1911 жылы алғаш мұнай бұрқағы атқылаған уақыттан бастап қара алтын игеру жұмысы жергілікті халықтың ата кәсібіне айналса, бүгінде өркениет көшімен ұрпағына сабақталған.

Әрине, тарих таразысына көз жіберсек, алғаш кен игерудің басы-қасында шетелдік алпауыттардың жүріп, өндірістің игілігіне өзгенің ауыз салуы салдарынан өз халқымыздың иек арта алмағаны да жасырын емес. Дегенмен, игіліктің ерте кеші болмайтынын топшылаған халқымыздың болмысы мен пейілі тәуелсіздікке қол жеткізіп, болашаққа деген сенімі ізгілікке бастауда. Міне, ғасыр белесінде ел дамуының жарқын келбетін қалыптастырған кентте ел тәуелсіздігінің 26 жыл уақыты ішінде халқының тұрмысы түзеліп, инфрақұрылымы өркендеу үстінде. Жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан еліміздің төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму көшінде де аудан, кент басшылығының жоспарлаған жұмысы жергілікті халықтың туған өлкеге деген сүйіспеншілігін оятып, оның келешегінің кемелдігіне үмітін үкілейді. Халқының әлеуетін арттырып, мәдениетін, рухани тынысын кеңейту мақсатында жаңғырту шаралары осыған кепіл болмақ.

Тарқатып айтсақ, Доссор кентінің 2018-2020 жылдар аралығында даму жоспары жасақталып, мемлекет қолдауымен жүзеге асады деп күтілуде. Мәселен, Доссор кенті ішінен өтетін республикалық жолды Мақат-Құлсары бағытындағы айналма жол бағытына орналастыру жобасы жасақталуда. Биылғы жылы жаңа құрылыс жобалары қолға алынып, әлеуметтік нысандардың бой көтере бастауы кенттің сәулетіне сәулет қосып, дамудың белесін айқындай түсті. Кентте 280 орындық балабақша демеушілік есеппен салыну жұмысы басталса, 100 орындық балабақша құрылысы аяқталып та үлгерді. Б.Қанатбаев, С.Шарипов атындағы мектептерді күрделі жөндеу үшін жобалық сметалық құжаттамалары жасақталып, келер жылы басталады деп күтілуде.

Халықтың демалатын орындары да биліктің назарынан тыс қалмай, саябақтар салынып, жөндеу жұмыстары жалғасын табуда. Мұның бір дәлелі М.Өтемісұлы көшесіндегі «Сандуғаш» балабақшасы жанынан саябақ салына бастаса, Ш.Еркешов көшесінен Қазақстан мұнайына 120 жыл толуына орай саябақ құрылысының жобалық сметалық құжаты жасақталуда. Тұрғылықты мекенге келген қонақ алдымен ішаралық жолдарына табан тіреп, елді мекеннің жай күйін тас жолынан танып жатады. «Ауылын көріп, азаматын таны» демей ме, ауыл азаматтарының ісі де ең алдымен сайраған жолдарынан көрініс беріп тұрады. Кент басшылығы жол жөндеу жұмыстарын да жыл сайынғы жоспарларына енгізіп, жүйелі жұмыстар жүзеге асып келеді. Кенттегі 5,8 шақырым аймақтағы ішаралық автокөлік жолдарының жобалық сметалық құжаттамасы қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өтіп, дайын тұр. Келер жылы жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда аудандағы өзекті мәселе – баспанамен қамту. Бұл тұрғыда да жергілікті билік тұрғын құрылысы жобаларын жүзеге асыруда. Келер жылы Б.Айтмағамбетов көшесінен 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысын салу жоспарымен жобалық сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Балғындарды балабақшамен қамту шарасы да зерделеніп, қажетінше қамту ескерусіз қалған емес. Осы мақсатта келер жылы жүзеге асатын О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінің бұрынғы ғимаратына 90 орындық балабақша ашу мақсатында жобалық сметалық құжаттамасы жасақталып отыр.

Биылғы жылы Доссорды толықтай кәріз жүйесімен қамту облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша қолға алынып, келер жылы аяқталмақ. Ал әмбебап, «Самұрық қазына» АҚ демеушілігімен балалар ойын алаңшасы, спорт кешені және футбол алаңының құрылысы да биыл қолға алынды. Спорттың бұқаралылығын арттыру мақсатында бұл кешенді жұмыстар тұрғындар игілігіне айналатын болады. Сол сияқты Мақат мұнай технологиялық колледжінің ауласына стадион құрылысын жүргізу үшін жобалық сметалық құжат жасақтау да ескерілген. Теміржол бойында орналасқан кент тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген мәселесі – вокзал алдына перрон салу, 27 көп пәтерлі тұрғын үй ауласына аллея салу үшін жобалық сметалық құжаттамалары жасақталуда. Кент тұрғындарының ішаралық тасымал қызметін реттеу мақсатында қолжетімді жолақы мөлшерімен талапқа сай автокөлік маршрутын шығару жұмыстары да ұйымдастырылуда. Жақында яғни, қазан айынан бастап, ішаралық маршруттар тасымал қызметіне кірісетін болады. Міне, осыншама жұмысты жоспарлап, оны атқарушы биліктің қадағалауында кезең-кезеңімен жүзеге асыру – жауапты міндет. Оны жергілікті тұрғындар игілігіне жарату мақсатында талмас талап, ұйымшылдық қажет. Әрине, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» емес пе, қолға алынған жобалардың жалғасын тауып, кәдемізге асуы үшін де бірлігіміздің бекемдігі маңызды. Алайда, ауыл арасында «Доссор көшіріледі-міс» деген алып-қашпа әңгімелер іс бастауға ниетті көпшіліктің көңілін алаңдатып жүргені де жасырын емес. Бір нәрсенің байыбына бармай, байбалам салып, лақап таратуға келгенде алдына жан салмайтын жандардың өкшесі қай жаққа көтеріліп тұрғаны қайдам? Ал бүгінде әлеуметтік-экономикалық даму сатысы сараланып, келелі істердің жоспарын жүйелеген кенттің келбеті көркеюге, кемелденуге бағыт алды. Самаладай шамдары жарқырап, саябақтары мен ауыл іші жасыл желекке оранған, сәулеті келісті ғимараттар бой көтеріп, тас жолы тақтайдай тартылған ауыл даму үстінде. Сондықтан, өндірісі өркендеп, тәулік тынысындағы тасымал қызметі қызып тұрған аймақтың үдере көшуіне еш себеп жоқ.

Л.МЫҢБАЙҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521