Ойын студенттер күніне арналды

(0 Votes)

Доссор кентінде Доссор мәдениет үйінде халықаралық студенттер күніне арналған Колледж кубогы үшін КТК ойыны өтті.

Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі биыл студенттер күнін ерекше атап өтуді жөн көрді. Иә, бұл мереке «жайдарманшылар үшін өте маңызды. Себебі, нағыз «жайдарманшы» қалыптасатын кезең – студенттік кез. Ойынға атсалысқан колледждің әзілкештері көрермендердің көңілдерін жадыратып, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Аталмыш ойынға әр мамандықтан құралған 6 команда қатысты. Атап айтсақ, «Элемент Х», «Сварщиктер», «Мұнайшылар», «Бумер», «Аралас», «184» топтары жиылған қауымның көңілін көтеретін қызықты ойын көрсетті. Сондай-ақ, ойын барысында студенттік билет табыстау рәсімі өтті. Колледждің белсенді студенті Хасан Сымбат, бірінші курс студенті Мырзаева Үмітжанға студенттік билетті салтанатты түрде табыс етіп, аманаттады.

«Сәлемдесу», «Бес әзіл», «Еркін сайыс» бөлімдерінен құралған ойында «жайдарманшылар» еліміздегі соңғы жаңалықтар мен өзгерістерді тілге тиек ете отыра, өздерінің мамандықтарымен әдемі үйлестіре білді. Әсіресе әзілдердің көпшілігі кент жаңалықтары және қызыққа толы студенттік шаққа байланысты болды. Ойын жеңімпаздарын анықтаған қазылар алқасының құрамында ардагер ойыншы Тарскиев Сәуірбек, Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің өндірістік оқыту шеберлері Өтегенова Әйгерім және Қабдолла Мейірбек, колледж түлектері, асаба Оңайбеков Шалқар және Оразалиев Талғат болды.

Ойын қорытындысы бойынша, көрерменнің көңілінен шыққан «184» командасы жарыс жеңімпазы атанса, ІІ орынды «Сварщиктер» командасы еншіледі. ІІІ орынды «Бумер» командасының жігіттері алды. «Үздік ойыншы» номинациясына «Сварщиктер» командасының ойыншысы Есенгелдиев Артур, «184» командасының ойыншысы Сағынғалиев Қанат және «Элемент Х» командасының ойыншысы Елтаева Дана ие болды.

Ойын жеңімпаздары арнайы кубок және дипломмен марапатталды. Мереке қарсаңында осылайша студенттер өздеріне керемет естелік, көрермендерге шат күлкі сыйлай білді.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

Сурет автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521