Қытымыр қыстың қамын жадыраған жазда ойластырған аудан әкімдігі ауласында азын-аулақ төрт-түлігі бар тұрғындарымызды жағымды жаңалықпен қауыштырды.
Анығын айтсақ, Құрманғазылық шаруагерлердің көмек қолын созуына ықпал етті. Конституция күні қарсаңында ауданымызға әр қайсысында 50 орамадан тиелген 5 вагон шөп жеткізілді. Жеріміздің құнары төмен болғандықтан жылдың дәл осы мезгілінде тұрғындарымыз мал азығын таба алмай біраз сарсаңға түсетін. Ал, бұл жолғы Құрманғазыдан жолданған сәлемдеме Мақаттықтардың жыртығын жамап, жоғын түгендемесе де бір сірпіліп қалуға септігін тигізді.
"Осындай көмекті көршілес Қызылқоға аудны бастаған болатын. Бүгін міне Құрманғазылықтар қол ұшын беріп жатыр. Аудан әкімі ретінде шараны ұйымдастырған Құрманғазы ауданы әкімдігіне, әкіміне, шаруагерлеріне үлкен ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ жолданған сәлемдеменің жолақысын алмай, ауданымызға тегін жету үшін темір жол вагондарын ұйымдастырып берген облыстық темір жол саласының басшыларына, Елубай Кәкімұлына аудан халқының атынан риясыз көңілімізбен ақ алғысымызды айтамыз",-дейді аудан әкімі Ш.Кейкин.
Жеткізілген мал азығы шөп алуға мүмкіндігі болмай отырған Бәйгетөбе, Мақат және Доссор тұрғындарына екі орамадан тегін таратылды. Ал меморандум бойынша кызылқоғалықтар әкеліп жатқан әр түктің бағасы 500 теңге. Осылайша, құнарлы қиғаш бойынан мұнайлы мақатқа жолданған көмек тұрғындарымызды дән риза қылды.
А.САДЫКОВ