Жайлауы малға толмаса да, қойнауы кенге толған мұнайлы мекеніміздің атағы XX ғасырдың басынан бері шартарапты шулатып келеді. Экспортқа иек артқан біз секілді елдер үшін мұнай - экономикамыздың белді буыны.
Еліміз еркіндігін алып көк байрағымыз көкке көтерілген жылдар ішінде күшіміздің толысып, игілігіміздің молая түсуіне мұнайшылардың қосқан үлесі зор. Төл мерекелерінің тұсында кеше ғана «Еңбек жолы» республикалық конкурсының облыстық кезеңінде «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Абдулов Жұмабай Нұрбайұлы туралы азды-кем қалам тербегенді жөн көрдік.
Жұмабай ағамыз 1964 жылдың 2 ақпанында Доссор кентінде жұмысшылар отбасында дүниеге келген екен. Әкесі Абдолов Нұрбай көп жылдар бойы «Ембімұнай» мекемесінде оператор және «Доссорнефть» МГӨБ-да мастер қызметінде болған. Қара алтын өндірісінен ақ жаулықты анасы да алыс болмаған. Тарбия анамыз аталмыш өндірістік басқармада 35 жылдан астам қызмет атқарған. Бүгінде қадірлі зейнеткер.
"1971 жылдың кыркүйегінде А.Құнанбаев атындағы білім ордасының бірінші сыныбына қабылдандым. Мектеп бітіргеннен кейін, 1981-82 жылдар аралығында Мақатта «Райбыткомбинатта» сүргілеуші қызметін атқардым. 1982 - 1984 жылдар аралығында Кеңес армиясы қатарында Чехословакияда әскери борышымды өтеп, 1984 -87 жылдар аралығында «Эмбамұнайгаз», «Доссорнефть» мекемесінде электромонтер қызметін атқардым",-дейді Жұмабай Нұрбайұлы.
Дәл осы қызметті 1987 жылдан 2001 жылға дейін «Энергонефть» мекемесінде атқарды. Қызмет ете жүріп 1991 жылы Гурьев Политехникалык техникумынан «Техник - электрик» мамандығын бітірген. Бұнымен қана тоқталмай 2006 жылы Атырау Мемлекеттік мұнай және газ институтын «Инженер - электрик» мамандығын және игереді.
Шыңдалған тәжірибе мен алынған білім ағамызды алға қарай жетеледі. 2001 жылдың қаңтары мен 2005 жылдың мамыры аралығында ЭСР «Доссорнефть» мекемесінде басшылық қызметінде болып, 2005 жылдың мамырынан бастап «Доссормұнайгаз» МГӨБ мекемесінде механо - энергетикалық қызмет инженері болды. Ал, 2007 жылдың шілдесінен бастап «Доссормұнайгаз» МГӨБ - 1 деңгейлі маманы атанды. 2012 жылдың сәуірінен бастап «Доссормұнайгаз» МГӨБ механоэнергетика қызметінің басшысы, 2014 жылдың сәуірінен механоэнергетикалық бөлімінің басшысы лауазымдарында тер төкті. Сан өткелден сүрінбей өткен кейіпкеріміз бұнымен де тоқтамады. 2017 жылдың қыркүйегінен бастап энергетика бөлімінің басшысы қызметін атқаруда.
Мұнайшы ағамыздың өмірлік жан-жары Гүлсім Сулейменованың да есімі Доссорлықтарға жақсы таныс. Бүгінде А.Құнанбаев атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқарады. 1998 жылы дүниеге келген ұлы Наурыз әке жолын жалғап электрик мамандығын тәмамдап, сол сала бойынша еңбек етуде.
"Таста деп жалынса да құдай үшін, Доссордан кете алмаспын мұнай үшін"деп арқалы ақынымыз Тәжібай Текеев жырлағандай бар саналы ғұмырымды туған өлкеге арнаған азаматтың бірімін. 39 жыл мұнай саласында еңбек етіп жинаған тәжірибемді жас буынға үйретуді міндетім деп санаймын. Қашанда қарамағымдағы жастарға білгенімді үйретіп, тәжірибемді бөлісуден жалыққан емеспін. Және де солай жалғаса береді",-дейді сөз соңында мерейлі маман иесі.
А.САДЫКОВ