Бүгін Доссор өлкетану мұражайында аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өлкетанушы, қарымды қаламгер, Мақат ауданының Құрметті азаматы Айбосын Елеусіновтің туғанына 85 жыл толуына арналған «Мұнайлы өлке жаршысы» атты еске алу кеші өтті.
Кешке қаламгердің жары Роза Қарақызы мен ұрпақтары, әріптестері, дос-жарандары, облыстық және аудандық мәдениет саласының өкілдері, журналистер мен жергілікті қоғам қайраткерлері қатысты.
Іс-шараны Доссор өлкетану мұражайының басшысы Құралай Әлданқызы ашып, жазушының ел үшін атқарған еңбегі мен рухани мұрасына тоқталды.
Кеш аясында алдымен «Өлкесін қаламымен өрнектеген» атты бейнеролик көрсетілді. Бұдан кейін Айбосын Елеусіновтің шығармашылығына арналған «Мұнайлы өлке жаршысы» атты экспозициялық көрменің салтанатты ашылуы өтті. Көрменің лентасын қаламгердің жары Роза Қарақызы мен өлкетанушы Төлеген Жаңабайұлы қиды.
Сондай-ақ №3 Доссор кітапханасы ұйымдастырған кітап көрмесі таныстырылып, жазушының еңбектері оқырман назарына ұсынылды. Ақын сөзіне жазылған әндер шырқалып, мектеп оқушылары қаламгердің өлеңдерін тебірене оқыды.
Кеш соңында қаламгердің замандастары естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, өлкетану мұражайының басшысы Құралай Әлжанқызы жазушының жарына арнайы алғыс хат пен шапан табыстады.
Айбосын Елеусінов — туған жердің шынайы шежірешісі. Оның шығармаларынан туған өлкенің тынысы, халқына деген шексіз сүйіспеншілік анық аңғарылады.
Бұл еске алу кеші — қаламгердің рухани мұрасын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа өнеге етуге арналған тағылымды басқосу болды.
Ж.Қамза
Суреттер автордікі