Бұған дейін футболшылармен өткен кездесулерде аудан әкімі Азамат Мәмбетов жергілікті спортшыларға қашанда қолдау білдіретіндігін айтқан болатын.
Осы ретте бүгін футболшыларды қолдау мақсатында аудан әкімі Азамат Мәмбетов аудан футболшылары мен бапкерлерін қабылдады.
Қабылдау барысында аудан басшысы футболшыларға 11-19 қазан күндері Қызылорда қаласында кәсіби клубтар арасында өтетін кіші аяқ добынан Қазақстан Республикасының біріншілігінде сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, футболшыларға аудан намысын абыроймен қорғайтындарына сенім білдіріп, Мақат құрама командасына арнайы спорттық формалар табыс етті.
Одан бөлек, Ақтөбе қаласына тәжірибе алмасу үшін жағдай жасайтындығын, бұл тәжірибе кәсіби шеберлікті арттыруға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
“Алдағы дүбірлі додада табандылық пен ерік-жігер танытып, жоғары нәтиже көрсетеді деген сенімдемін.
Аудан атынан қатысып жатқан әрбір спортшы – ел мақтанышы, болашақ чемпион.
Сіздерге сәттілік, жеңіс және тек жарқын сәттер тілеймін!”, - деді аудан әкімі.
Өз кезегінде спортшылар көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
Айта кетейік, Мақат футбол құрамасы Батыс өңірінің аудандары арасында Қазақстан біріншілігіне жолдама алған алғашқы команда.
Ә.ҚАСЫМ