Мерекелік шарадағы тартысты ойын

суреттер автордікі
(0 Votes)

Теміржол саласының маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Бұл салада қызмет ететіндер жандар нағыз еңбек адамдары. Себебі олардың атқаратын қызметі - үлкен кәсібилік деңгей мен қажырлы еңбегі үлгісі. 

Өткен аптада осынау жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген теміржолшылардың мерекесі қарсаңында спорттық спартакиада өтті. Аталмыш шара ауданның Құрметті азаматы, өмірін қауіпке тігіп, өртенген вагондардан тұтас станцияны аман алып қалған Айман Жұмашеваның ерлігін еске алуға арналған болатын.

Спартакиаданың ашылу салтанатында алдымен аудан әкімінің орынбасары Әсел Қаржауова құттықтау сөз сөйлеп, сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне ризашылығын білдірді.

«Темірдей тәртіпті бойларыңызға серік етіп, уақытпен санаспай қызмет атқаратын сіздердің теміржол саласына қосқан үлестеріңіз оразан зор. Осы орайда сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін», - деді Әсел Шайзадақызы.

Әрі қарай бірқатар сала ардагерлері Айман Жұмашеваның қызметтік жолы, азаматтық батырлығы турасында естелік әңгімелер айтты. Сала ардагерлерінің сөзінше, Айман Жұмашеваның еңбекқорлығы мен қайсар мінезі жас буынға үлгі. Ол 1985 жылы Мақат теміржол станциясында орын алған төтенше жағдайда батылдық танытып, отқа оранған цистерналардың одан әрі жарылуына жол бермеген. Бұл оқиға кезінде 55 вагон жарамсыз күйге түскенімен, Айман Жұмашеваның жедел әрекетінің арқасында апат көлемі ұлғаймаған. Оның батырлық қадамы аудан тарихына өшпестей із қалдырды.

Спартакиаданың салтанатты ашылу рәмісі өткен соң, спорттық бәсекелер бастау алды. Алдымен теміржолшылар арасындағы кіші аяқ доптан аудандық турнир өткізілді. Алаңға бірінші болып «Әскерилендірілген теміржол күзеті» мен «Мақат станциясы» және «Қамқор Локомотив» пен «Қалпына келтіру пойызы» мекемелерінің командалары шықты. Әсерлі ойын өрнегін көрсеткен қос ұжым көпшілікке тартысты кездесу сыйлады. Жартылай финал нәтижесі бойынша үздік шыққан «Әскерилендірілген теміржол күзеті» мен «ПЧ мекемесі» командалары финалға жолдама алды. Ал, шешуші кездесуде мықтылық танытқан «Қамқор Локомотив» футболшылары чемпион атанды. Бұл турнир тек спорттық жарыс қана емес, ұжым арасындағы бірлікті нығайтудың көрінісі бола білді.

Спартакиада одан әрі шахмат сайысымен жалғасты. Бұл турнирде сала ардагерлері мен аудан тұрғындарынан құралған он бір қатысушы өзара бақ сынасты. Жарыстың бас төрешісі ретінде теміржол саласының ардагері, бүгінде шахматтан бапкерлік ететін Марат Нұрмақов болды. Ол өз сөзінде Айман Жұмашевамен бірге жұмыс жасағанын айтып, оның ерлігіне куәгер болғанын да жеткізді. Шарада қатысушылар логикалық ойлау мен стратегиялық шешімдер арқылы бәсекелесті. Турнир қорытындысы бойынша, Көбейсін Саюпов 1-орын, Ақтан Қабиев 2-орын, Байдар Табылды 3-орынды иеленді. Жүлдегерлерге арнайы кубоктар, алғыс хаттар және қаржылай сыйақылар табысталды. Келесі кезекте арқан тарту сайысы өтті. Бұл жарыста физикалық күшпен қатар, командалық ауызбіршілікте сынға түсті. «Мақат ауданының №402 (ПМС) электр желісі құрылысы» бөлімі мен «Қамқор Локомотив» командасы өзара бәсеке өткізді. Нәтижесінде «Қамқор Локомотив» командасы қарсыластарынан алға шықты. Одан әрі, аудандық спартакиада волейбол жарысымен өрбіді. Бұл спорт түріннен де «Қамқор Локомотив» командасы үздік ойын көрсетіп, «Мақат станциясы» командасын ұтып, жеңіс тұғынан көрінді.

Спартакиаданың соңы қол күресі сайысымен қорытындыланды. Бұл жарыста әр мекеменің намысын қорғаған мықтылар бақ сынасты. Жеңіске жету жолында бар күшін салған «Мақат станциясының» қызметкері Нұрбек Өтебаев айқын басымдықпен қарсыластарын жеңіп, жарыстың ең мықты ойыншысы атанды. Оның бұл жетістігі жеке дайындық пен ерік-жігердің жемісі екені сөзсіз.

Осылайша, теміржолшылар күніне арналған бұл ауқымды спартакиада тек спорттық шара ғана емес, тарихты дәріптейтін тағылымды жиын болды. Айман Жұмашеваның ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Ал спорт алаңында жүздескен теміржолшылар арасындағы жарыс кәсіби мерекенің шырайын аша түсті.

Г.Жұбанышқалиева

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT