Аудан орталығында зейнеткерлік жастағы қарттар үшін «Белсенді ұзақ өмір сүру клубының» ашылу салтанаты өтті.
Шарада алдымен аудан әкімінің орынбасары Әсел Қаржауова сөз сөйлеп, аталған клуб зейнет жасындағы адамдарды әлеуметтендіру, оларды белсенді мәдени-шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге тарту, олардың физикалық және психологиялық саулығына ықпал ету арқылы өмір сүру ұзақтығын арттыру, әлеуметтік- мәдени қызметтерді қолжетімді, сапалы ұйымдастыру, аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту мақсатында ашылғанын жеткізді.
Одан әрі, кеш жүргізушілері клубта спорттық-сауықтыру, компьютерлік сауаттылық, қолданбалы және шығармашылық қызмет, би( иога) және көркемөнерпаздар үйірмелері қызмет көрсететінін айтып өтті.
Айта кетейік, аталған клуб аудан әкімдігі мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қолдауымен, «Нұр белес»қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен іске асты.
Сондай-ақ, жоспарға сәйкес алдағы уақытта клуб мүшелерімен түрлі демалыс кештері, атаулы күндерге арналған мерекелік іс-шаралар, концерттік бағдарламалар, театрларға, кинотеатрларға , мұражайларға бару, айына 1 рет психологпен кездесу, психологиялық тренингтер өткізу, құқықтық сауаттылықты артыру мақсатында заңгермен кеңес алу жүргізіледі.
Шара соңында, қазыналы қарттарға арнайы дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Ботакөз Асхатқызы