«МАҚАТТЫҚТАРҒА РИЗАШЫЛЫҒЫМ ЗОР...»

 «МАҚАТТЫҚТАРҒА РИЗАШЫЛЫҒЫМ ЗОР...»
(1 Vote)

 Алғыс айту күні – бұл бірліктің, ынтымақтың мерекесі. Ұлт тәрбиесін ұрпаққа аманаттап, ізгілік мұрасын қалыптастырып отырған қазақы ұғымға өзге ұлт өкілдерін өзектен теппей, құшақ жая қарсы алып, құрмет көрсету – кешегі бабалардан қалған ізгілік жол.

 Осындай телегей танымға ие еліміз көп ұлтты халық мекендейтін бірден-бір мемле­кет болып, көш басында тұр. Иә, бұл мереке тарих беттерінде таспаланған сонау ХХ ғасырдағы Столыпин реформасы тұсында ша­руаларды қоныстандыру бастамасы негізінде кең байтақ даласы бар қазақ еліне табан тіреп, өтпелі шақта жат жұртқа қоныс аударған өзге ұлт өкілдерін жатсынбай бауырына тар­тып, бір нанды бөліп жеген қазақ халқына алғыс айту күні ретінде жарияланған болатын.

Бүгінде көп ұлтты елімізде 130- дан астам ұлт пен ұлыстың өкілі мекендейді. Олардың қай-қайсының да қазақ жұртына деген ризашылығы зор. Осындай алғысы шексіз жандардың бірі – ұйғыр қызы Юсупова Мадиням Низамдинқызы.

Ол Алматы облысы Жаркент қаласында қарапайым отбасында дүниеге келді. Білім ордасын сол Жаркент қаласындағы С.Киров атындағы орта мектепте тәмамдап, аспаз мамандығы бойынша курстық білім алған.

Әкесі Жаркент қалалық су арна­сында жүргізуші, анасы жергілікті  «Қазпошта» бөлімінде хатшы лауазымында қызмет атқарған.

Жастайынан еңбекке ерте араласқан ол еңбек жолын алғаш Бурабай қаласында орналасқан орталық асханалардың бірінде аспазшы болып бастаған. Бүгінде Мадиням Низамдинқызы «Рамазан» дүкенінде көмекші болып жұмыс жасайды.

Кейіннен 2008 жылы мақаттық Қалбек Ермашпен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Бақытты отбасында 2 ұл мен 1 қызды дүниеге әкелді.

Осы ретте ол алғаш Мақат өңіріне келген уақытта мақаттықтардың жылы қабақ таны­тып, жылышыраймен қарсы алғанын айтып, ыстық ілтипатын білдірді.

«Алғаш келін боп түскен уақыттарда ата-енем мені өзге ұлт өкілі деп жатсынбай, өз қыздарындай көріп бауырларына басты. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін кеңінен танысты­рып, оңай сіңісіп кетуіме көп көмектерін тигізді. Ал жергілікті Мақат жұрты тұрмыстық қиын жағдайларға тап болған уақытта қаржылай көмек көрсетіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, аяққа тұрып кетуіме зор ықпал етті. Менің ойымша – алғыс айту тек бір күнмен ғана шектелмеуі керек. Ата-әжемнің әңгімелерінен қазақ халқы өзге ұлт өкілдерін құрметпен қарсы алып, бір нанды бөлісіп, қиыншылықты бірге көргенін естіп өскен болатынбыз. Әуезді әңгіме барысында жастарын сығып алып, өз алғыстарын білдіретін. Әрине бізге көрсетілген көмекті ешқашан ұмытпаймыз, өзімізден кейінгі ұрпақтарға да айтып оты­рамыз. Менің қазақ халқына айтар алғысым шексіз. Барлық қазақ жұртына, әсіресе Мақат ауданының тұрғындарына басым жерге ти­генше алғысымды айтамын»,- дейді ұйғыр қызы Мадиням Юсупова.

Иә, сұрқия саясаттың салдарынан келмеске айдалған ұлысты сандалтпаған қазақ жұртына өзге ұлт өкілдерінің айтар ризашылығы аз емес. Осындай ізгі тілектердің арқасында адамдар бір-біріне мейірімділік танытып, еліміздегі ынтымақтастық одан әрі күшейе беретіні сөзсіз. Осылайша Алғыс айту күні ел тарихында өзінің ерекше жылулығын қалдырып жүрген керемет мерекелердің бірі болып сақталмақ.

Б.Асхатқызы

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT