Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Жеті Жарғы» қоғамдық қорының ұйымдастырумен, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Телехикалар өндірісі жөніндегі департамент жетекшісі, сценарист-редактор, блогер Перизат Мырзахмет аудан жастарымен кездесті.
Кездесуде медиа сауаттылық тақырыбында әңгіме өрбіді. Әсіресе қазіргі уақытта Қазақ киноиндустриясына үлкен серпіліс жасаған «Міржақып. Оян, қазақ фильмі!» және алдағы уақытта бой көрсететін телеарнадағы жобалар туралы әңгіме қозғалды. Сондай-ақ кітап жазу мен оқу, сценарий жазудағы ерекшеліктер, веб сериалдардың өзектілігі, кино жанрлар туралы т.б медиа саласындағы елеулі өзгерістер туралы кәсіби түрде жастарға ашып айтып берді.
- Жастар білімнің құндылығын ұғынуы керек. Адамның білім сапасы артқан сайын, тұлға ретінде қалыптаса бастайды. Ой-өріс әлеуметтік желімен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Халық сізді ізденіп жүріп оқитындай дүние жасаңыздар,- деді П.Мырзахмет.
Кездесуде қатысушылар телеарна бағытында өздерін толғандырған сауалдарын қойып, өз ой-пірлерімен бөлісті. Айта кетейік, Перизат Мырзахмет отандық телеарналардағы бірқатар жобалардың сценаристі, продюсер, бірқатар веб-сериалдардың және «Өмірдің аты – М» кітабының авторы. «Qazaqstan» телеарнасынан көрерменге жол тартқан «Қазақтың 100 әні», «Елім менің» сияқты ірі жобаларға атсалысқан білікті маман.
Өз тілшіміз