Мақатта 15-20 шақты жігіттен құралған «ВелоМақат» велосипедшілер тобы бар. Құрамы көп болғанымен олар жұмыс жағдайына байланысты саяхаттарға кезектесіп шығып тұрады.
Топ алғаш құрылғанында бір күндік сапарларды бағындырып, өздерінің «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі бірлестіктерінің парақшаларына фотосуреттер мен видеоларды жариялап жүреді. Солайша қатарлары көбейе түсіп, Атырау қаласындағы велонауқанның ашылуына қатысады. Кейін өздерін сынау үшін 100 шақырым қашықтыққа дейін сапар шегіп көреді. Бара-бара бірнеше күндік жолға шығуды мақсат қылған олар алдымен велосипедке қажетті құрал-саймандарын толықтырады. 2018 жылы өздері бұрын көмек көрсету арқылы танысқан венгриялық мотосаяхатшылармен бірігіп Құлсары-Мақат-Ақтолағай-Ақкегершін-Құлсары бағыты бойынша 430 шақырым артқа тастап, 6 күндік велосаяхатқа шығып келеді. Ал, 2019 жылы Иманқарадағы үңгірді көру мақсатында 3 жарым күн жол жүріп Ақкегершін мен Иманқараға сапар шегеді. Ал, былтыр 2 күнде Таскешуге барып келді.
«ВелоМақат» тобының мүшесі Абзал Аманчиевтің айтуынша, саяхат үшін ең ыңғайлы кезең көктем мен күз. Себебі жазда ауа райының тым жоғары және қыста тым төмен болуы жол жүруге кедергі келтіреді. Велосипедшілердің ең алыс қашықтықты бағындырулары – 2020 жылы 4 адам болып, 800 км жол жүріп Мақаттан Ақтауға барулары. Ол үшін олар 6,5 күн уақыт жұмсайды. «ВелоМақат» тобы қыркүйек айының 23-30 күндері 383 км қашықтықты артта қалдырып Ақтолағай қырқасына сапар шегіп келді.
«Ақтолағайға біз бұрын 2 венгрмен барғанымызда ол жерде бір үй және мал бағып отырған адамның ауыз су құдығы болған еді. Осы жолы да сол үйдің құдығына сеніп барғанбыз, бірақ 3-күні кешке ол үйде көптен адам тұрмайтынын білдік. Сонымен қатар құдықтағы су шіріп, ішуге жарамсыз болып кеткен екен. Сол себепті біз бар қалған суымызды үнемдеу үшін, Ақтолағайды тек 2 сағат аралап, 4-ші күні түстен кейін сол жерге ең жақын орналасқан Қырықмылтық деп аталатын мұнай кен орнына бағыт алдық. Суымыз аз, жел алдан, жолды құм басқан, үстіне қаңбақ жиналып қалған болғандықтан 40 км жердегі Қырықмылтыққа бір күнде жете алмадық. 5-ші күні түсте бір малшы жігіттің жертөлесіне жетіп, шөлімізді қандырып, суымызды толтырып, сол жерде келесі күнге дейін демалдық. 6-шы күні 103 км жүріп Жамансорға жеттік те, 7-ші күн дегенде барып Мақатқа келдік», - дейді жолдағы әсерімен бөліскен Абзал Аманчиев.
Туған өлкенің әдемі және тарихи жерлерін танып білуді мақсат қылған саяхатшылардың негізгі принципі арттарынан қоқыс қалдырмақ түгілі көрінген қоқысты жинап жүру. Сондықтан олар өздері велосипедпен саяхаттаса да айналасын тазалап жүріп, автокөлікпен артын жинауға ерінетіндерді түсінбейді.
Велосипедшілердің алдағы жоспары таным көкжиектерін кеңейтіп, шыдамдылық тұрғысынан шыңдалып, табиғатқа пайдаларын тигізіп жүру.
А.Есжан