Елімізде бизнестің жоғары деңгейде дамуы үшін түрлі жобалар қолға алынған. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, бизнесте жолы болып жүргендер жетерлік. Бұл ретте сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған жандардың үлесі артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Солардың бірі – мақаттық Халел Асқарұлы.
Көп жылдар бойы теміржол саласында қызмет еткен ол бүгінде жиһаз жасап, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Аз уақыттың ішінде сұранысқа ие жиһазшыға айналған шебер бастапқыда бұл кәсіпке қосымша табыс көзі ретінде қарап, кейін сүйікті ісіне айналғандығын айтады.
«Адам ойлаған арманына жету үшін көп еңбектену қажет. Менде бұл кәсіпке бірден келе салмадым. Бала күнімнен жөндеу және ағашпен жасайтын жұмыстарға қызығушылығым басым болды. Сондықтан болар, үйдің есіктерін қондыру сияқты жұмыстарды оп-оңай жасайтынмын. Мектепті бітірген соң, Ақтөбе қаласында теміржол мамандығы бойынша білім алып, 2007 жылдан күні кешеге дейін теміржол саласында қызмет еттім. Қызметте жүріп, бос уақытымда жиһаз жасап, қосымша табыс тауып жүрдім. Біртіндеп, үй жиһаздарына қажет ағаштарды кесу үшін шағын станоктар сатып алып, кейде қаладан үлкен станогы бар цехтарға барып, ағаштарды кестіріп әкеліп, жұмыс жасайтынмын. Кейін бұл іске қызығушылығым одан сайын артып, мұны әрі қарай дамыту керек екендігін түсіндім», - дейді шебер.
Сөйтіп, 5-6 жылдай еңбектеніп, жиһаз жасау жұмысының қыр-сырын әбден меңгерген Халел өткен жылы теміржол саласынан бір жола кетіп, жеке кәсіппен тұрақты түрде айналыса бастаған.
«Былтыр Кәсіпкерлікті дамтудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы туралы достарымнан естіп, бірден облыстағы Атамекен палатасына барып ақпарат алдым. Жоба аясында бизнес әліппесін меңгеріп, өз жобамды сәтті қорғап шығып, 3 млн теңге көлімінде грантқа ие болдым. Біздің кәсіпте шағын станоктарды есептемегенде 3 үлкен маңызды станок қажет. Мен осы жоба аясында армандаған станогымның біреуіне қол жеткіздім», - дейді Халел Асқарұлы.
Айта кетейік, Халел шебер бүгінгі таңда шағын ғимарат жалдап, бір қызметкерді жұмыспен қамтып отыр. Кәсібінің нәсібін көріп отырған ол, әр істің өзіне тән ерекшелігі болатындығын айтады.
«Шеберден ең алдымен есептеуге жүйрік болу талап етіледі. Себебі, ағашты дұрыс кесу үшін есебің мықты болуы қажет. Қате есептесең, шығын болады. Одан бөлек, бұл кәсіп ұқыптылық пен шыдамдылықты талап етеді. Сондай-ақ, тұтынушымен жақсы қарым қатынас жасай алу да керек. Себебі, талғамы жоғары тұтынушының ойын дөп асып, көңіліндегідей етіп жасап шығару қашанда маңызды», - дейді ол.
Сондай-ақ, шебер тапсырыстарды кейде 3-4 күнде аяқтайтынын, табыс көзі әр кезде әр қалай болатындығын айтады. Одан бөлек, тұтынушылардың жағдайына да қарайтынын жеткізді.
«Үнемі тапсырыс алған кезде тұтынушының әлеуметтік жағдайына қараймын. Жағдайы орташа отбасы екендігін көрсем, ол жанұяға қолжетімді бағада жасап, өздері қалағандай етіп жиһаздарын құрастырып беремін. Сондықтан табыс көзі әр кезде әртүрлі болады. Негізінен ас үй, қонақ бөлме, балалар бөлмесіне қажетті жиһаздардың барлық түрін жасаймын. Сондай-ақ, халыққа анық етіп түсіндіріп, әртүрлі дизайндар ұсынып, дұрыс таңдау жасауға көмектесемін. Оны жасау үшін көп дегенде 14 күн жеткілікті. Ол көлеміне байланысты болады», - дейді ол.
Сонымен қатар, кейіпкеріміз ең алдымен жиһаздың сапасына көп көңіл бөлетіндігін, оларға қажет материалдарды облыс орталығынан алдыртатындығын тілге тиек етті.
«Жиһазды көбіне, ЛДСП және МДФ сияқты ағаш материалдарынан жасаймын. Одан бөлек, оның тұтқасы, топсасы, шеге сияқты ұсақ-түйектердің бәрін сапасына қарай таңдап аламын. Және қосымша жасанды тастар, боялған МДФ тағы сол сияқты қажетті заттары тағы бар. Сондықтан, арнайы тапсырыспен жасалатын жиһаздарымыз сапалы, одан қалса халыққа қолжетімді. Халық та риза. Бізде өз еңбегіміздің жемісін көріп, тұрғындардың алғысын алып жүрміз», - дейді шебер.
Бүгінде Халел шебердің қолынан шыққан тамаша жиһаздарды кенттегі әрбір тұрғынның үйінен кездестіруге болады. Оның айтуынша, кәсібі алға қарай өркендеп, күннен-күнге заманауи жиһаздарға сұраныс көбейіп келеді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында кәсібін бастаған жиһазшы алдағы уақытта оны кеңейтуге ниетті. Ол сол арқылы аудан орталығынан өз цехын ашып, өңір экономикасының өсуіне септігін тигізбекші.
Ә.ҚАСЫМ