Доссорда «Шабыт» қолданбалы өнер мектебі ашылды

(0 Votes)

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Доссор кентінде алғаш рет «Шабыт» қолданбалы өнер мектебі пайдалануға берілді. Аталмыш мектепті «Теңізшевройл» ЖШС-нің әлеуметтік жобалары негізінде грант ұтып алған жергілікті әлеуметтік кәсіпкер, «Айналайын баладан» қоғамдық қорының төрайымы Эльмира Мусина ашты.

Эльмира Мусина былтыр тамыз айында жобаға өтініш жіберіп, қыркүйек айында оны сәтті қорғап шыққан. Биыл қорытындысы шығып, ауданда алғашқы «Теңізшевройл» ЖШС-нің грантын жеңіп алған кәсіпкер атанып отыр. Жалпы «Теңізшевройл» мекемесінің ауылдық жерлерді дамыту бойынша әлеуметтік жобасы Атырау және Маңғыстау облыстарын қамтиды.

Кенттегі Ж.Мұқтанов көшесінде орналасқан өнер бесігінің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Б.Жайкин, Доссор кентінің әкімі Б.Ермеков, «Теңізшевройл» мекемесінің өкілдері Хэймиш Полс және Марина Фаркудинова, Ардагерлер мен Аналар кеңесінің мүшелері, кент тұрғындары қатысты.

Балалардың жан жақты дамуына маңызы зор орталық оларды жастайынан кəсіпке баулып, бос уақытты тиімді пайдаланып, өз қолдарымен жасаған бұйымдарды сатып, кəсіп жасауға бейімдейді.

«Шабыт» қолданбалы мектебінде тігу, тоқу, сурет салу, мүсін жасау, ағаш өндеу секілді бес бағыт бойынша 200 бала тегін білім ала алады. Балалардың бойындағы қабілетін шыңдау мақсатында тұсауы кесілген мектепке оқушылар 5 жастан бастап 18 жасқа дейін қабылданады. Қысқа мерзімді 3 айлық курсты бітірген оқушыларға куәлік те беріледі. Егер оқушы әрі қарай машықтанып жатса, өз бағыты бойынша құрал-саймандар тарту етіледі. Сондай-ақ, түрлі конкурстарға қатысуға мүмкіндік алады.

– Ауылымыздың балалары басқалардан кем болмауы тиіс. Ірі қалалардың жобасына үлес қосатын сәулетшілер, халықаралық дәрежеде көрмелер өткізетін суретшілер, даңқты мүсіншілердің көбі ауылдан шығады. Бүгінде ауданымыз қандай қарқынмен дамып келе жатқаны баршамызға белгілі. Болашақта мұнайлы мекеніміз бен еліміздің эстетикалық тұрғыдан дамуына доссорлық өрендер де өз қолтаңбасымен үлес қосады деген сенімдеміз. Балалар бос уақытты тиімді жұмсауы үшін жасалып жатқан барлық жағдайды ұтымды пайдалану қажет. Қазақ қолөнері қайтадан ел арасына, білім ордасына бірте-бірте тамаша үлгілерімен еніп, оқушыларға жан-жақты білім мен тәрбие беруге, жаңаша еңбек етуге талпындырып, жас ұрпаққа көркемдік білім мен эстетикалық тәрбие беру үрдісі болып отыр. Осы бағытты таңдаған жергілікті әлеуметтік кәсіпкер Эльмира Ғарифоллақызы аудан тұрғындарын тағы бір жақсы жаңалықпен қуантып отыр. Мектеп талай шәкірттердің талантын шыңдайтын орталыққа айналсын дегім келеді, – деді жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин.

Сондай-ақ, «Теңізшевройл» ЖШС-нің өкілі Хэймиш Полс бүгінде шәкірттердің алаңсыз білім алуына, шығармашылық қабілетін шыңдауына мекеме тарапынан барлық жағдай жасалғанын, оны тиімді пайдалану керектігін жеткізді.

«Ең біріншіден әлеуметтік жобама қаржылай қолдау көрсеткен «Теңізшевройл» команиясына алғысым шексіз. Біздің мектепке қазір 60 оқушы келіп жүр. Жастары 5 жастан 12 жасқа дейін, алдағы уақытта 18 жасқа дейін қамту жоспарымызда бар. Оларды тігу, пішу, тоқу, сурет салу, мүсін жасау, ағаш өндеу өнеріне баулимыз. Түрлі-түсті бояумен, ағашпен, гипс және шайырмен жұмыс істеуді үйретеміз. Оқушылардың бұл өнер түрлеріне деген ынталары өте жоғары. Өйткені кентімізде өнер мектептерінде тек сурет үйрмесі жұмыс жасайды. Ал біздің орталықта оларды қызықтыратын түрлі сала қамтылған. Жалпы мектебімізде өзім бастап сабақ беремін. Тағы да ағаш өңдеу ұстасы және тігіншіліктен сабақ беретін мамандар қажет, – дейді «Айналайын баладан» қоғамдық қорының төрайымы Эльмира Мусина.

Эльмираның да өнерлі жан екені баршамызға белгілі. Гипс пен шайырдан түйін түйетін шебердің жасаған қолөнер бұйымдарының ішінде көздің жауын алатын түрлі бұйымдар жетерлік. Енді ол өзінің бар білгенін ауыл балаларына үйретіп, шәкірт тәрбиелемек. Сондай-ақ, қолы қалт етсе, тоқыма жіптерін алып, тоқуға кірісетін көпбалалы ана Шынаргүл Тілегенова да бұл орталықтан жұмыс тапқан. Ауыл тұрғындарына арнайы тапсырыспен бас киім, шұлық, аяқ киім, сөмкелердің түр-түрін тоқитын шебер енді өз білгенімен бөлісіп, балаларға тоқыма ісін үйретуді қолға алуда.

«Балалармен жұмыс жасаған ұнайды. «Шабыт» қолданбалы өнер мектебінің ашылуы менің шәкірт тәрбиелеуіме себепші болды. Мұнда жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған, балалардың қызығушылығы жоғары. Алдағы уақытта керемет туындылар дайындайтынымызға сенімдімін»,-дейді Шынаргүл шебер.

Мектептің ашылу салтанаты барысында киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдардан дастархан жайылып, қонақтарға наурыз көже мен бауырсақ ұсынылды. Оқушылардың жасаған бұйымдарынан жәрмеңке және түрлі шеберлік сағаттары өткізіліп тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйланды.

Оқушылардың шығармашылық қиялынан туған жұмыстар әлі талайларға таңдай қаққызар деп сенеміз. Еліміздің атын әлемге танытар шеберлер осы мектептен шығар, бәлкім!

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT