Қазақ халқы Қорқыт десе қобызды, қобыз десе Қорқыт бабамызды елестетеді. Оның да өзіндік сыры бар. Қорқыттың аты түркі тектес халықтар арасында әртүрлі аңыздар арқылы жақсы танымал. Қазақ аңызы бойынша Қорқыт – әуен, әннің атасы, аңыз адам, қобыз киесі. Ол қобызын тартқанда, табиғат тына қалып, жер-жаһан, ұшқан құс, жүгiрген аң барлық тіршілік иесі үн-түнсiз тыңдағандай сезіледі. Иә, қобыз – Қорқыттан қалған мұра. Қобызда ойнау қиын әрі күрделі. Десе де, осы бір киелі өнерді ағайынды Аида мен Айзада Хабибуллаевалар жанына серік етіп жүр.
8 маусым күні Мақат балалар өнер мектебінің түлектері Аида мен Айзада өздерінің онлайн концерттерін тыңдармандарға ұсынды. Ұлттық өнерді тыңдаудан ләззат алған мұнайлы өлкенің көрермендеріне қобызшы мен күйсандықшы бір сағаттық концерт берді. Әлеуметтік желі арқылы өткізілген концертте өнерпаздар өз репертуарларындағы қазақ композиторларының әндерінен попурри, Е.Брусиловскидің «Боз айғыр», Құрманғазының «Төремұрат», А.Вивальдидің «Лето», В.Монтидің «Чардаш», Д. Бруквектің «Играем на пять», Д.Уильямстің «Список Шиндлера» сынды шығармаларын орындап, рухани мол мұрамызды өнер сүйер қауымға паш етті.
Айзада қобызды төгілтіп, Аида оны күйсандықтың күшімен бірге әрлеп отырды. Дала сарынымен үндескен қобыздай аспабы бар, оны сүйіп насихаттап жүрген жалынды жастар барда қазақ елінің ұлттық руханияты одан әрі биіктей берері сөзсіз.
М.ІЗТҰРҒАНОВА