Мақатта "Қыс-2021" оқу-жаттығуы өтті

(0 Votes)

11 қараша күні аудан көлемінде «Қыс-2021» республикалық командалық – штабтық оқу-жаттығу жиыны өтті.


Алдымен Мақат желілік-өндірістік басқармасы мекемесінің автокөлік тұрақ алаңында аудандық азаматтық қорғау қызметінің жауапты қызметкерлері, сондай-ақ, ауылдың тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындардың күш-құралдар мен техникалардың әзірлігін тексеру мақсатында саптық тұрғызу ұйымдастырылды. Оған 13 қызмет, 18 мекеме, 145 қызметкер, 36 әр түрлі техника жұмылдырылды.

maqat-oqu-zhattygu


Шараға аудан әкімі, Азаматтық қорғаныс бастығы Шәкір Кейкінұлы арнайы қатысып, жедел әрекет ету жасағының дайындық деңгейін бағалап, мекеме басшыларының қысқы дайындықтары бойынша есебін тыңдады.
Аудан бойынша 5 дана мотопомпа, 160 дана күрек, 500 дана қап, 2 дана генератор, 1 дана спутникалық байланыс телефоны, 27 әр түрлі құрал жабдықтар, 18 тонна инертті материал құм, 10 тонна қиыршық тас қоры, 2800 тонна жанар жағармай, 13 тонна әр түрлі азық-түлік қоры қаһарлы қыста орын алатын төтенше жағдайларға сақадай сай екені нақтыланды.

maqat-oqu-zhattygu-3


Саптық жиын аяқталғаннан кейін қыс мезігілінде туындайтын төтенше жағдайлар кезінде өзара іс-қимылдар жүйесі пысықталды. Алдымен кенттегі С.Бекжанов көшесінің автомобиль жолының бойында орын алуы мүмкін апатты жағдай қарастырылды. Жаттығу сценарийі бойынша жасанды қар батпағы ұйымдастырылып, екі автобус қар құрсауында қалды. Азаматтық қорғау қызметкерлері лезде іске кірісіп, зардап шеккен жолаушыларға құтқару қызметін жүргізді. Одан кейін, кенттен 30 шақырым қашықтықта газ құбыры жарылып, газ кету салдарынан жану орын алды. Төтенше жағдайлар бөлімі және өртке қарсы қызметкерлер оқиға орнынан табылып, өртті дер кезінде ауыздықтады.
Л.Шахатов атындағы орта мектепте болған жылыту қазандығының істен шығу және жеке тұрғын үй секторында табиғи газ баллонның жарылу оқиғалары да сәтті жүзеге асты. Тұрғындарға жылдам көмек көрсету үшін бірнеше қызмет түрі бірлесе жұмыс істеді.

maqat-oqu-zhattygu-4


Ал, Атырау-Мақат теміржол бағытында екі жүк тасымалдау пойызының соқтығысуынан екі бидай тиелген жүк вагоны және екінші пойыздың үш доңғалақ жұптары рельстен шығып, апат орын алды. Хабарлама келіп жеткен соң, шұғыл жеткен құтқару қызметі кез келген төтенше жағдайда күш біріктіре алатындарын көрсетті.
Қорыта айтқанда, құтқарушылар қыстың қаһарына толық дайын екендіктерін дәлелдеді. Сала басшыларының айтуынша, биылғы қысқы маусымға дайындық тыңғылықты.


М.ІЗТҰРҒАНОВА
суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT