Карантин кезінде қауіпсіздік шаралары енгізіліп, бірқатар сауда нысандары, шаштараз т.б көптеген халық көп шоғырланатын орындардың жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Атырау облысы Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сай аптаның дүйсенбісі, яғни 4 мамырдан бастап белгіленген тәртіп шеңберінде ауданымызда бірқатар нысандар жұмысын қайта жалғастырды.
Мәселен, аяқ киім, тұрмыстық тауарлар сататын сауда нүктелері, көлік жуу орындары сәуірдің 30-жұлдызынан жұмысын жалғастырса, мамырдың төртінен шаштараз, киім-кешек дүкендері кері жанданды. Ай жарым уақыттай сауда жасамаған аудан тұрғындарын сауда орындарынан ашылысымен бір бақылап өттік. Әсіресе киім - кешектен бастап тұрмыстық тауарларға дейін қамтитын "Амира" сауда үйіндегі көпшіліктің қарасы қалың. Бірі баласына жаздық киім таңдап жатса, бірі асханасының сайманын жаңғыртуға асық.
"Ару" сауда үйінің алдындағы ұзын-сонар кезекке себеп болған ішкі беттегі банкомат екен. Қызметкер тұрғындарды тәртіп бойынша ішке бес адамнан енгізіп жатыр. Және маска тағу міндеттелген. Сауда үйінің басшысының айтуынша, бұл әр айдың басындағы үйреншікті көрініс. Өзге де нысандарда жұртшылық аз байқалмады.
Салоннан сұлулығын ретке келтіретіндер мен шашы біраздан бері қиылмай қалған жандардың да көңілдері көтеріңкі.
Күйбең тіршіліктегі сәл саябырсып қалған қарбалас осылайша қайта қалпына келіп жатыр. Аты жаман аурудың аузын ноқталап, «сабырымыздың түбінен сары алтын» шығаратын кезге де қауышармыз әлі.
А.САДЫКОВ,
суреттер автордікі