Мақатта 11 мұғалім жалған диплом пайдаланған

(0 Votes)

Мақатта жалған дипломмен жұмыс істеп келген 11 мұғалім анықталды. Бұл туралы аудан әкімі жанынан құрылған құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша комиссия отырысында белгілі болды. Жалған диплом пайдаланғандардың 8-і балабақшада тәрбиеші болса, ал қалған 4-еуі мектепте мұғалім. Тіпті кейбір балабақша меңгерушісі қарауындағы қызметкердің дипломын жалған екенін білсе де жасырып келген. Прокурорлардың айтуы бойынша аталмыш 11 фактіге қатысты қылмыстық іс тіркеліп, заңсыз алған жалақылары бюджетке кері қайтарылуда.

«Бұл бойынша ұсыну енгізіліп, қазіргі уақытта прокурордың алған шарасымен 8 қызметкердің бюджетке келтірілген 4 млн-ға жуық залалы өндірілді. Енді қазіргі уақытта қызметтік лауазымды босатуға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілігін қарастыруды ұсынып отырмыз»,- деді Ерлан Какиев аудан прокурорының орынбасары.

Енді 2 тәрбиеші тағы да 4 миллион теңгеден астам қаражатты мемлекетке қайтаруы тиіс. Ал біреуінің ісі әзірге күмәнді болғандықтан, қосымша дәлел жиналуда.

Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол Долдашев қызметкерінің дипломын жалған екенін білсе де жасырған меңгеруші туралы былай түсінік берді:

«Тәрбиешінің негізгі колледж бітіргені туралы дипломы бар. Ал, екінші жоғары дипломы жалған болып шыққан. Тексеріс кезінде меңгеруші арнаулы орта білім дипломына сәйкес жалақы төленгенін айтқан. Жасырған деген сөз осы жерден шығып отыр. Оған сәйкес заң аясында тиісті шара қолданылды»,- деді ол.

Сондай-ақ, прокурорлар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 5 млн теңгеге жуық несие алған 2 маманның жұмыстан шығып кеткенін анықтаған. Қазір ақшаны қазынаға қайтару мақсатында жұмыс жасалып жатыр. Бүгінде аталған қаражатты мемлекет пайдасына өндіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы аудан бойынша 29 маманға 50 млн-нан астам теңге несие берілген. Оны ай сайын төлеуді кешіктіріп отырғандар да бар.

Жиналыс қорытындысымен несиені қайтарудан жалтарған тұлғаларға қатысты сотқа тиісті талап арыз жолданатыны жөнінде шешім қабылданды.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

фото автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT