«NСОС» Солтүстік Каспий жобасы компаниясының пилоттық жобасы аясында ауданға қарасты Ескене-Таскескен елді-мекеніндегі төрт түлік асыраушы тұрғындарға жарықтандырғыш лента табыс етті.
Бұл игі іс жол көлік оқиғасын болдырмау негізінде қолға алынып отыр. Аталмыш жарықтандырғыш ленталардың негізгі ерекшелігі - түнгі мезгілде жарық сәулесін шашып, көлік тізгінін ұстаушы жолаушыларға белгі береді. Жарыққа шағылысатын сәуле арқылы жолаушылар жол бойындағы үй жануарларын танып, қауіпсіздік шараларын жасайтын болады. Доссор кентіне арнайы келген «NСОС» компаниясының өкілі Серік Идранов Ескене мен Таскескендегі төрт түлігі бар 24 үйге және «Жол-Нұр», «Аслан» шаруа қожалықтарына 520 дана жарықтандырғыш лента тегін тарту етті. Тұрғындар бұл лентаны сиыр, түйе, жылқы секілді ірі жануарларға тағатын болады. Тұрғындар атынан алғысын білдірген аудан әкімінің орынбасары Хайдар Төлеуішов алдағы уақытта бұл жоба әкімдік тарапынан да ұйымдастырылатынын жеткізді.
Шара соңында тұрғындар «Атырау-Доссор» тас жолы бойында ешбір мал айдау жол белгісінің жоқ екенін алға тартып, ауыл тұстарына мал айдау жол белгісін орнатуды қолға алуды сұрады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
суреттер автордікі.