Кіші аяқ доп десе көзімізге тек бірінші орын елестейтін болды бұл күндері. Кеше ғана "Ақбидай" ойындарында топ жарған жерлестеріміздің жеңісті жорығын өрт сөндірушілеріміз жалғады.
Өрт сөндірушілердің арасында өтетін дәстүрлі доп додасына биыл облысымыздан 13 команда қатынасқан. Сайдың тасындай іріктелген ұжымдастардың осы қалай дейтіндей осалы жоқ еді.
Аудандық №8-ші өрт сөндіру бөлімінің жігіттері бұған дейін де ішкі біріншілікте сенсация жасап бесінші орынға табан тіреген еді. Ауылдастарының арасында шеберлігі әбден шыңдалған өрт сөндірушілеріміз аталмыш турнирдің соңғы турына дейін барын салып бақты. Он рет жеңіске олар 2 тең ойынды қанағат тұтып, қоржынға 32 ұпай еншіледі. Олардың ізінен ілескен командалардың да ұпай саны шамалас еді (30, 31, 32). Соңына дейін сақталған интрига жерлестеріміздің ақтық ойында аянып қалмауына себеп болды. Таблодағы есеп жерлестеріміздің пайдасына 5:3 боп шешілді.
Осылайша өздерінің төл мерекелерінің тұсында тамаша тарту жасаған №8-ші өрт сөндіру бөлімінің жігіттері аудан мерейін үстем етті.
А.САДЫҚОВ