15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай орталық алаңда «Отбасы – өмір аясы» атты мерекелік концерт өтті. Мерекелік шара «Шаттық» үлгілі би ансамблінің орындауындағы «Назбике» биімен ашылды.
Одан әрі, Әсем Есимованың орындауында Е.Спаналиевтің «Анамның ақ жаулығы» әні шырқалып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, республикалық, отбасылық байқаулардың жүлдегері Ғинаятовтар жанұялық ансамблі Құрманқазының «Қызыл қайың серпер», «Адай» күйлерін күмбірлете ойнап, халықтың ыстық ықыласына ие болды.
Ал Арыстановтар, Төреғалиевтер, Жолдыбаевтар және Утешовтер жанұясы әуезді ән шырқап, Данияр Еримов, Айзада Хабиболлаева, Ербұлан Бөрібаев, Мәди Маңғыстауов, Азамат Елубаев сынды аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, кеш көркін қыздыра түсті.
Шара соңында, аудан әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді.
«Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің негізі де осы отбасында қалыптасады. Баршаңызды Халықаралық отбасы күнімен құттықтаймын! Қоғамдағы әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болсын!», - деген аудан әкімінің орынбасары шарада өнер көрсеткен өнерпаз отбасыларға аудан әкімінің арнайы алғыс хатын табыс етті.
Осылайша, аудан тұғындары мен қонақтары концерттік бағдарламаны тамашалап, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордікі