Ойын алаңы - ойыңа келгенді жасайтын жер емес

(0 Votes)

Саналы ғұмырын спорт саласымен байланыстырған Нұрмақов Марат - талай шәкірттері биік белестерді бағындырған қадірлі тұлға. Бүгін де қолы қалт ете қалса, спорт алаңдарының ортасынан табылып, жергілікті командаларға жанкүйерлік танытудан жалыққан емес. Олардың жеңіспен оралған әр "жорықтарына" балаша қуанып, мақтанышпен жария қылып жүреді. Спорт жанашыры жақында редакциямызға хабарласып, бір бұйымтайының бар екенін жеткізген соң Марат ағайға арнайы барып,  қайта жүздестік.

Аудан тұрғындары үшін кіші аяқ доптың орны ерекше екенін еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін жақсы біледі. Топ жарып жүргендері де жетерлік. Ағайдың айтқысы келгені, өткен жылы ғана қолдануға берілген Мақат кентінің С.Әлиев көшесіндегі "80/6-ның" алдындағы ойын алаңының бүгінгі жай-күйі екен. "Бұл алаңға арнайы күтуші керек. Себебі дәл осы алаңда Мақат кентінің 80 пайызға жуық ойыны өтеді",- дейді ардагер ұстаз. Алаңдайтын да жөні бар. "Жақында ойын алаңының тормен қапталған төбесіне белгісіз біреулер ауыр тастар мен үлкен ағаштар қойып кетіпті. Мұны кішкентай баланың жасай алмайтыны анық. Қасақана жасалған әрекеттен кішкентай балаларымыз зардап шегіп қалмаса екен",-дейді ақсақал. Сонымен қатар, жаттығу жасайтын құрылғылардың кейбірі әлден жарамсыз болып, кейбірінің орындықтары сынып үлгерген. Тіпті есігіне салынған құлып пен қоршау темірлердің жиек тұсын аяқпен теуіп сындырып кетеді екен. Ал аталған аумаққа жауапты тәртіп сақшысы алаңды үнемі бақылауда ұстаудың мүмкін еместігін айтқан.

marat-agai-2

Кент әкімі аппаратының теңгеріміндегі алаң болғандықтан, аталған мәселенің мән-жайына қанығу үшін кент әкімі Е.Ермагамбетовпен тілдестік. " Марат ағай секілді жанашыр тұрғындардың болғаны бізді қуантады. Алайда, кейбір тұрғындарымыздың келеңсіз қылықтары көңіл қынжылтады. Мәселен, бұған дейін де "Болашақ" ықшам ауданындағы жаттығу нысандарын тап осылай бүлдіріп кетті. Кішкентай балаларға арналған құрылғыларға еңгезердей жігіттер мініп алса да, көріп тұрған тұрғындар үндемейді. Осы жағынан сәл сауаттырақ болсақ, жақсы болар еді. Ал, күтушіге келер жылы қаражат қарастыратын боламыз",-дейді ол.

marat-agai-1

Жалпы, кент бойынша бүгінде үш спорттық және сегіз балалар спорттық ойын алаңшалары бар. Соның ішінде Н.Шағырова мен С.Мұқашев көшесіндегі ойын алаңшаларын қайта жасауға жоба жасақталу үстінде. Ал, «Бостандық» ықшам ауданы, С.Мұқашев, С.Әлиев және «Газшылар» ықшам ауданына салынатын алаңшалардың жобасы дайын. Тек қаржы керек. Тағы екі алаңшаның жобасы жасақталу үстінде. 

"Кезек күтіп тұрған осындай басқа да алаңдарымыз тұрған кезде жаңа алаңның газонын жақын арада жаңғырта алмаймыз. Қыркүйек айында барлық ойын алаңдарын аралап, дәнекерлеу жұмыстарын жүргіздік",-дейді кент әкімі.

marat-agai-3

Барымызды бағалап, қолымыздан келгенше дайын алаңдарды күтіп ұстағанымыз жөн болар. Бұған қолы жетпей аяқ допты шаң топырақта ойнап жүргендер қаншама. Тума таланттардың мекені тым болмаса өз абыройларының аспандауына себеп болған ойын алаңдарын көзінің қарашығындай қорғауы тиіс.


А.САДЫКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521