Кәсіподақ жұмысына оң баға берілді

(0 Votes)

Өткен аптада 10 қазан - Қазақстан Кәсіподақтары күніне орай «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің жауапты қызметкерлері ауданымызға іс-сапармен келіп, М.Баймұханов атындағы орта мектеп базасында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларымен кездесті.

Келелі кездесуде облыстық салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы мұғалімдердің құқығын қорғау, еңбек әлеуетін арттыруға байланысты атқарған оң нәтижелі жұмыстарды талқылап, ұйым жұмысына тоқталды.

«Ауданның кәсіподақ жұмысы қарқынды жүргізілуде, атқарылып жатырған жұмыстарға ризамыз. Көптеген ұсыныстар мен хаттар келетінін, мәселелер туындайтынын білеміз. Десе де, аудандық кәсіподақ ұйымы облысқа жеткізбей мәселелердің оң шешімін тауып отыр»,- деді Қ.Сүндетұлы.

Мұнан кейін сөз алған облыстық салалық кәсіподақ ұйымының заңгері Юлия Айбосынова «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері. Жазатайым оқиғаларды тергеу» тақырыбында сөз сөйлеп, жазатайым оқиғаларды шешу, анықтау, тергеу тәртібі, тексеру және есепке алу мәселелері бойынша мәліметтер берді.

img_4128

«Қызмет орнында жазатайым оқиғалар кездескен болса, тергеп-тексеру комиссиясы құрылады. Және комиссия 10 жұмыс күні ішінде өз жұмысын, тергеп-тексеруді бастайды. Тергеу 10 жұмыс күнінен аспауы тиіс. Сондай-ақ, жұмыс орнында осындай жағдайға куә болған болса, дереу алғашқы көмек көрсетіп, жәбірленушінің туыстарына хабарлау қажет. Және  мұндай оқиға кезінде еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны хабарлама ретінде жіберу тиіс»,- деді Ю.Айбосынова.

Сондай-ақ, жиында кәсіподақ ұйымының маманы Нұрсәуле Мұсаева «Білім беру және кәсіподақ ұйымдарында іс жүргізу туралы» және бас есепші Алтын Тұяқбаева «Бастауыш кәсіподақ ұйымының қаржылық құжаттарын жүргізу туралы» тақырыптарында баяндама жасады.

Жиын барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауабын алды. Қос мерекеге орай ұйымдастырылған жиын соңында бір топ кәсіподақ ұйымының жетекшілері марапатқа бөленіп, ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

img_4145

Атап айтсақ, №54 балабақшасының саз жетекшісі Эльвира Саматқызы, «Балбөбек» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Дәметкен Өтеулиева, О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінің кітапханашысы Сания Әділғалиева, №7 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің мұғалім-дефектологы Гүлмира Басекенова, «Болашақ» балабақшасының тәрбиешісі Жұлдыз Ғаниева «Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің алғыс хатына ие болса, А.Құнанбаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Амангүл Сисенғалиева, О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Дария Рахимова, Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Майра Арысова "Құрмет грамотасымен" марапатталды.

 

А.ЖҰМАБЕРГЕНОВА

СУРЕТТЕР АВТОРДІКІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521