Доссор мәдениет үйінде алғаш рет «Basta» бизнес форумы өтті. «Кәсіп түбі — нәсіп» жобасы шеңберінде ұйымдастырылған жиынның басты мақсаты – тәжірибе алмасу болды.
Форумға облыс, ауданға белгілі кәсіпкерлер, бизнес ашуға ниетті жастар, студенттер мен жоғары сынып оқушылары қатысты. Аудандық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған форумға төрт спикер: Арман Азаматов, Сергей Отаралы, Бақытжан Төлеуов, Балтагүл Едігеева арнайы қатысып, өз жетістіктерінің құпиясын ашты.
Форумның «Баста» деп аталуы бекер емес. Шынымен де, бизнесте ең бастысы - алғашқы қадам жасау. Тәжірибелі кәсіпкерлер жастарды қиындықтан қорықпай, өз бизнесін бастауға шақырды. Солардың бірі - Бақытжан Қайырболатұлы бизнеске 14 жыл бұрын келген екен. Бастапқыда электромонтер қызметімен жұмыс жасаған ол кейіннен өз кәсібін ашуға жұмыстанады. Қазір ісі өрге басқан бизнесмен. Ал, Балтагүл Ғазизқызы - отбасының берекесін ғана кіргізіп қоймай, жеке кәсібін де дөңгеленткен жандардың бірі. 24 жыл бұрын жеке кәсібінің қазығын қаққан ол бүгінде табысты кәсіпкерлердің қатарында. Алғашқыда саудамен айналысқан кәсіпкердің қазір «Батиха» шаруа қожалығы бар. Төрт түлік пен үй құстарын өсіріп, ауданның ауыл шаруашылығының дамуына өз үлесін қосып отыр. Форум барысында қатысушыларды мал шаруашылығымен айналысуға шақырды.
Спикер қатарындағы Сергей Рахметұлы қанша «банкроттарға» кездессе де, өз-өзімді жігерлендіріп, кері қайтпадым дейді. Жиналғандарға өзінің іскерлік тәжірибесімен бөлісіп, жеке ісі туралы айтып берді. Спикердің айтуынша, кәсіпкер болу оңай емес. Ол үшін көп еңбек ету керек. Қатысушылар әсіресе ұлттық бизнес-жаттықтырушы Арман Азаматовтың сөзін ұйып тыңдады. Сахна төріне көтерілген ол қаржылық сауаттылық туралы сөз қозғады. "Әр адам күнделікті жұмсайтын ақшасын жазып үйрену керек. Сонда, кетірген шығыныңыздың есебін біліп, ақшаны үнемдеуді үйренесіз. Күнделікті әр тиынды жазып жүру, әрине, бастапқыда қиыншылық туғызады. Бірақ, өзіңізді осы іске кем дегенде екі ай үйретсеңіз, әрі қарай әдетіңізге айналып кетеді",- дейді спикер.
Форумға қатысушылардың спикерлерге сұрағы көп болды. Кездесуге келгендер мүмкіндікті пайдаланып, сауалдарына жауап алуға тырысты. Жастар өз бизнесін бастапқы капиталсыз қалай бастауға, қандай салада кәсіпкерлікпен айналысу тиімді және жас бизнесмендерге мемлекет қандай қолдау көрсетуде деген сынды сұрақтарға қызығушылық танытты. Спикерлер келіп түскен сұрақтарға толық жауап беріп қана қоймай, ең қызықты сұрақтарға сыйлықтар да берді.
Шараға келген жоғары сынып оқушыларына да пайдалы ақпарат берілді. Биылғы оқу жылынан бастап, барлық мектептерде кәсіпкерлік шеберлікті жастайынан дамыту үшін «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізілді. Бүгінгі күні аудандағы білім беру ұйымдарының 10-сынып оқушылары осы пәнді қыркүйек айынан бастап оқып жатыр. Сондай-ақ, аудандық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен ауданда «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 58 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған. Мамандар олардың елу пайызы өз ісін ашады деп сенім білдіріп отыр.
Сондай-ақ, форум барысында кент кәсіпкерлері өз өнімдерін арнайы жәрмеңкеде ұсынса, кент көркемөнерпаздары өнерлерін көрсетіп, қолдау танытты. Шара соңында Доссор кенті әкімі Асылбек Әбілғазиев жобаға қатысқан кәсіпкерлерге лебізін білдіріп, "Алғыс хат" табыстады. Қатысушылар форумның жоғары өнімділігін атап өтіп, ұйымдастырушыларға тың кеңестері мен ынталандыру мүмкіндіктері үшін алғыс білдірді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Cуреттер автордікі