Көптен күткен көңілді кеш

(0 Votes)

Карантин басталғалы өтпей жүрген шаралардың бірі көңілді тапқырлар ойындары еді. Жастардың әзілін сағынған халық сәрсенбінің сәтімен аудандық мәдениет үйіне жиналды. «Көңілді тапқырлар алаңы» аталған сайысқа Х. Санбаев, Л. Шахатов, Б. Қанатбаев, С. Шарипов мектеперінің оқушылары мен Мақат мұнай және газ технолгиялық колледжінің студенттері қатысты. Әділ-қазылар жерглікті блогер, асаба, кәсіпкерлерден тұрды.

Ойынның алғашқы кезеңі «Сәлемдесуде» командалар қысқа-қысқа әзілдерімен көрерменге күлкі сыйлауға тырысты. Алғашқы болып сахнаға шығу Тәуелсіздіктің 30 жылдығында 30 шақырымды артқа тастап келген С.Шарипов атындағы мектеп-интернатының «Қазақи жастар» командасына бұйырды. Келесі болып шыққан Б.Қанатбаев мектебінің «Z ұрпақтары» командасы ерекше формасымен және шырқаған әуендерімен есте қалды. Л. Шахатов мектебінің «Көзайым» командасы бірыңғай киім үлгісімен жүруі көз қуантты. Олардың басқалардан ерекшелігі кіл қыздардан тұруында. Аудандағы жалғыз колледждің намысын қорғап келген «Күлкі кәсіпкерлері» тобы наннын қымбаттауы туралы әдемі әзілдеді. Ал Х. Санбаев мектебінің «Мақат city» тобы ауылдағы дәрігерлердің жауапкершіліктен қашқандай науқастарды қалаға жібере беретіндігі туралы қойғандары халыққа ұнамды болды.

whatsapp-image-2021-11-26-at-14_43_52

«Жамбы ату» кезеңі келгенде командалар екі әзілден оқып, әзілдері өтімсіздеу болғандар немесе ел естіген қалжыңды қайталағандар, яғни плагиат айтқандар төмен баллдан алып ұшып отырды. Бұл тур нәтижесінде «Z ұрпақтары» толық 1 ұпайға ие болды. Командалардың карантин, Ресей нөмірімен жүрген көліктер, вакцина және Қазақстан футболшыларының жеңілісі туралы айтқандары нысанаға дөп тиді.

whatsapp-image-2021-11-26-at-14_43_49

Жайдарман ойындарының ең қиын туры – «Үй тапсырмасы». Әзілқойлардың мұндағы мақсаты халықты жалықтырып алмайтындай ұзақ көрініс қою. Тәжірибесі аз командаларға қиын тиетіні сондықтан. Дейтұрғанмен тәуекелге бел буған қыз-жігіттер алғашқы турдағы реттілік бойынша сахнаға шықты. «Қазақи жастар» тобы қазіргі таңдағы танымал «Кальмар ойыны» киносын өз нұсқаларында қойды. 14 күндік карантиннен шыққан отбасы туралы көрініс қылған «Z ұрпақтары» әзілдерін әділ-қазылармен байланыстырғандай болды. «Көзайымның» қыздары «Астарлы ақиқат» ток шоуындағыдай Дина Төлепбергенге жақсы пародия жасағандарымен соңғы турға дайындықтары аз екендіктерін байқатты. «Күлкі кәсіпкерлері» жол-патрульдік полициясындағы пара алу мәселесін мысқылдады. Ал сайысты аяқтаған «Мақат сity» тобы бітірмеген мектебін қырыққа келіп жалғастырып, балаларын ұятқа қалдырып жүрген әке туралы қойылымды жақсы көрсетті.

Әр турда берілген ұпайларды есептегенде «Қазақи жастар» мен «Күлкі кәсіпкерлері»  командалары алғыс хатқа ие болды. 3 – орын «Мақат city», ал 2 – орын «Көзайымның» қанжығасында кетсе, жарыс жеңімапазы болып «Z ұрпақтары» командасы танылды. Сонымен қатар жеңіске жеткен команданың мүшесі Темірхан Сайлау «Ең үздік ойыншы» атағына ие болды.

Ойын туралы тоқтала кеткенде командалардың плагиатқа қатты үйір еместігі қуантады. Себебі залға өтсін-өтпесін өз әзіліңді ойнау мол тәжірибе сыйлайды. Төрешілерді байланыстырып әзілдеу де жақсы үрдіс. Бірақ оларды негізсіз кез-келген жерге тықпалай бермесе деп тіледік. Қай әннің хит екендігін КВН-да білесің демекші, командалардың барлығы дерлік  қайырмасы «Ақ көйлек киген...» деп  басталатын әнмен қоштасуға дайындалып келген екен. Бұл жағдай алдын ала редактураның жоқтығына байланысты болса керек.

Енді осындай әзіл кештері жиі болып тұрады деген үміт бар. «Батыр майданда шынығады» дегендей, жиі ойнаса балалар да бабына қайта келер.

whatsapp-image-2021-11-26-at-14_43_48

                                                                                                                      А.Жұмабекұлы                             

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT