ІНДЕТ ЕНЖАРЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

(0 Votes)

Уақыт деген жүйрік зымырап, коронавирус салдарынан былтыр орын алған дерт пен өлімнің шарықтау шегінен өткенімізге жылдан асты. Сол бір кезеңде талайларымыз туыстарымыз бен таныстарымыздан айырылдық. Жаһанды жаулаған жаман ауру қала берді небір зиялыларымызды арамыздан алып кетті.

Адам деген ұмытшақ келетіндіктен ол кездің қиыншылықтары есімізден шыға бастады. Бірақ дерт арамыздан кеткен емес. Бұрынғыдай орын жетпей жатпағанымен стационарлар әлі жұмыс жасауда. Біздің ауданымыздың орталығында да ковид және өкпе қабынуынан емделушілерге арналған КВИ-1 Коронавирустық инфекциялық бөлімшесі қызмет етеді.

Мақат аудандық орталық ауруханасындағы бөлімшеге кіру үшін персоналға аурухананың 3-ші қабатына көтерілу керек болса, науқастар  аурухана жанындағы арнайы есікпен кіреді. Ол жерде олар алдымен фильтрден өтеді.

Вакцинаны толықтай қабылдағанымның арқасында бөлімшеге кіруге рұқсат алып, аурухана арқылы көтерілгенімде мүлгіген тыныштық орнап тұрды. Сәл ішке енгеннен кейін бізді бөлімше санитары санитары Ақмарал Ибраева қарсы алды. Ол 12 жылдан бері осы ауруханада жұмыс жасайды. Әрі қарай өтуім үшін өздерінің үстеріндегідей арнайы форманы киюге тура келді. Киім жеңіл болғанымен бәрібір ұзақ уақыт бойы жүру оңай емес екендігі байқалады.

«Біз кезекшілікте 1 санитар, 1 мейірбике, 1 дәрігер болып жүреміз. Науқас көбейіп кеткенде екеуден болдық. Қазіргі таңда қызмет ететін 3 бриагада 8 сағат сайын ауысамыз. Біздер мысалы  таңғы 08:00-де келдік, енді 16:00-де кетеміз», - дейді Ақмарал Ибраева.

whatsapp-image-2021-10-01-at-16_48_37

Кейін танысқандарым мейірбике Айзада Зинуллина мен дәрігер Ғамзат Молдабеков болды. Ғамзат Молдабеков Жамбыл облысының тумасы. Өзінің айтуынша, ауруханада маман тапшы болғандықтан дәрігер-хирург болса да провизорда жүр.

Коронвирус басталғанда білгіштер бізге жаз айларына вирус шыдамайды дегендерімен, керісінше аурудың дендеп кететі шағы сол мезгіл болып тұр. Ақ халаттылар биылғы шілде-тамыз айларында да үйлеріне бармай бөлімшеде қонғандарын айтады. Науқастар көптеп түскен кезде ковид және пневмониямен түскендер болып екіге бөлінеді. Инфекциялық бөлімше ашылғалы бос тұрған  күні жоқ көрінеді. Біреулер айығып кетсе, біреулер жаңадан түсіп жатады. 12 күннен кейін ПТР-сынама алынып, ол оң нәтиже көрсетсе 14 күннен кейін науқас шығарылады. Провизорлық бөлімше былтырғы жылы Доссор кентінде де болса, биыл тек Мақат кентінде. Ауруханда жатқысы келмейтіндерге үй карантинінде болуға рұқсат етіледі. Бірақ олар карантин жағдайын бұзса айыппұл төлейді.

Инфекциялық бөлімшелерде жатып шыққандар ақпарат көздеріне сұхбат беруден қашады. Осы туралы мейірбике Айзада Зинуллина: « Бізден кеткен жандардың басынан өткендерін айтпауы біз үшін түсініксіз. Олардың жасырып қалуы біздің жұмыстың жария болуына кедергі келтіреді. Ауырып, айығып шыққаныңды айтқанда тұрған ештеңе жоқ  деп олаймын», - деді.

Медицина мамандары жағдайлары жақсы екендігін, тек пандемия басталғалы төленетін ақшаның 50 пайызға қысқартылып қалғандығы қиын тигендігін айтады.

Коронавирустық инфекциялық бөлімшеде біз барғанда 3 науқас жатты. Айнагүл Қабасованың ауруханаға түскеніне бір аптаға жуық уақыт болған. Жүкті екендігіне байланысты ешқандай ауырлық сезінбесе де ПТР-сынама оң нәтиже көрсеткендіктен провизорлық бөлімшеге жатқызылған. Дәрігердің айтуына қарағанда, осындай жағдайда басқа адамдар үйінде амбулаторлық ем қабылдайтын еді. Айнагүл де ПТР тапсырып қойып, келесі күні шығайын деп жатты.

Палатасына барған екінші науқасымыз Төлепова Шараның  халі салыстырмалы түрде ауырлау екен. Ол ауруханаға екі жақта пневмониямен түскен. Компьютерлік томография жасалмағандықтан өкпенің қанша пайызы қабынған екендігі белгісіз. Соның кесірінен әлсіздік, қызу көтерілуі, ентігу, буын ауыруы пайда болып тұр.  «Бұдан да қиын жағдайлар кездесіп қалады. Олардың тіпті кісімен сөйлесуге мұршасы болмайды. Науқастар күнделікті антибиотиктерді қабылдап, ауа жетпеген жағдайда оттегі концентраттары арқылы дем алады », - дейді дәрігер.

Үшінші науқас егде жастағы болғасын және демалып жатырғасын сұхбаттасудың сәті түспеді. Ал біз сөйлескендер әйтеуір дәрігерлерге алғысын жаудырып жатты. Сол күні кешке инфекциялық бөлімшеге тағы екі адам түсуі мүмкін деген хабар келді.

Мылтықсыз майданда көрінбейтін жаумен күндіз-түні арпалысып жүргендердің күнделікті тіршілігі осындай.

whatsapp-image-2021-10-01-at-16_48_38-1

                                                                                                       А. Жұмабекұлы

                                                                                                    Суреттер автордан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT