Ғасырдан асқан тарихы бар Доссор мен Мақат даласы қойнауы қазба байлыққа толы болғанымен қатар небір мықтылардың атамекені. Даралардың ішіндегі біртуар болар жандар өзінің туған өлкесіне пайда тигізгендері. «Бай болсаң, халыққа пайдаң тисін; Батыр болсаң, дұшпанға найзаң тисін. Бай болып пайдаң тимесе, Батыр болып найзаң тимесе, Жұрттан алабөтен үйің күйсін!» деп қазақ бекер айтпаса керек. Осылай қысқа ғұмырында «елім маған не береді?» деп емес, «мен еліме не беремін?» деп өткен жандардың қатарында Ержан Жақсылықұлы Серікбаев бар.
Жергілікті жұрт Ержанды жақсы таниды. Ол 1970 жылдың 31 қазанында Доссор кентінде дүниеге келген. Сол сәттен бастап-ақ Ержанның тағдыры мен туған жерінің тарихы біте қайнасып кеткендей. Оның балалық шағы мектептегі өмірі Доссор кентінде өтті. Аталған елді мекендегі В.Г. Белинский атындағы орта мектептің қабырғасында білім нәрімен сусындады. Әкелері Жақсылық өмірден озғанда Ержан 8, інісі Сержан 6 жаста еді. Екі баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай азамат қылып өсірген аналары Күмістің еңбегі еді.
Үйдегі тәрбиенің арқасында жастайынан білімге құштар болып, ойы озық азамат атанған Ержан қатарының алды болды. Анасын аялап, ініге ізет көрсетіп, дос-жаран, ағайын-тума арасында биік беделімен абырой асқарынан көрінді.
Арман қуған жеткіншек 1985-1989 жылдары Атырау политехникалық техникумында бұрғылау мамандығы бойынша, 1989-1994 жылдары Атырау политехникалық институтынжа тау-кен бұрғылау инженері мамандығы бойынша оқып, қос дипломның иегері ретінде үлкен өмірге қадам басады. Кейін 1997-2000 жылдары «Қайнар» университетінен құқықтанушы мамандығын да алып шығады. Бірақ оның жаны ешкімге тәуелді болмайтын жеке кәсіпті қалады.
Қоғам өмірінң белсендісі болуды мақсат еткен Ержан Серікбаев 2007 жылдың тамыз айында «Доссорым» қоғамдық қорын мемлекеттік тіркеуден өткізіп, құрылтайшысы ретінде жұмыстарын бастап кетті. Аталмыш қордың жасаған жұмыстарын ауыз толтырып айта беруге болады. Ауылдан ағылшын тілін оқыту курсы ашылып, 117 баланың дәріс алуына мүмкіндік беруі полиглот ұрпақ тәрбиелеу мақсатына қосқан үлесі еді. Доссордағы соңғы кезде белең алған көгалдандыру процесін 300 түп тал егу арқылы жандандырған де Ержан Жақсылықұлы болатын. Ол жастардың бойында патриотизм қалыптастыру үшін С.Шәріпов атындағы мектеп-интернаты мен Абай атындағы қазақ орта мектебінде «Ұлтжандылық» клубтарын құрды. Ауыл ардагерлерін де елеп-ескеріп, олармен кездесу ұйымдастырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды көтермелеп жүретін. Ержан Серікбаев жасаған істерді тізгенде еске міндетті түрде түсетіні аруақты әулие Байбақты атаға бағыт алар тұста «Дулыға» бейнесіндегі монументтің бой көтеруі. Ол қазір Доссордың да бір қақпасы болып тұрғандай. Сонымен қатар сол маңда Ержан Жақсылықұлының бастамасымен Байбақты ата бағы мен «Жақсылық» мәдени-спорттық кешені ашылып, кіші аяқ доп алаңы пайдалануға берілді.
Ержан Серікбаев есейе келе ғылымға бет бұрып Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан магистр дәрежесін иемденді. Ол халықаралық ғылым, экология және тіршілік қызметі академиясының мүшесі, 8 ғылыми мақаланың авторларының бірі. Сондай-ақ оның «Психотерапевтер және психологтар» одағынан алған сертификаты да бар еді.
1992 жылы Алмагүл Кенженбетова отау құрған ол 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірді. Олардың тұлға болуына бағыт-бағдар беріп үлгерді.
Шексіз игі істерімен көптің назарында жүріп, халқына адал қызмет атқарып, өмір жолында өз қолтаңбасын қалдыра білген Ержан Жақсылықұлы 2020 жылдың 6 қазан күні 51-ге қараған шағында фәниден бақиға атттанды.