Жүргізілген профилактикалық шараларға қарамастан аудан тұрғындары алаяқтарға алдану фактілері әлі жалғасуда.
Аудандық полиция бөлімінде 2020 жылы 28 алаяқтық фактісі тіркелсе, ағымдағы жылдың өткен мерзімінің өзінде 23 тұрғын алаяқтардың құрбаны болғандығы туралы арызданған.
«COVID-19» коронавирустық инфекциясының таралуына байланысты соңғы жылдары алаяқтықтың басым бөлігін әлеуметтік желілерді қолданушыларға қатысты жасалған қылмыстар құраған, яғни аудан тұрғындары заттарды алу үшін әлеуметтік желілер арқылы тапсырыс беріп, алдын ала төлем жасау арқылы алаяқтарға алданған.
Ағымдағы жылы тіркелген 23 (2020 жылы -23) алаяқтықтың барлығы әлеуметтік желі қолданушыларына қатысты жасалғандығы соның айқын дәлелі.
Мысалы, Орал қаласының «Д.Е.» атты тұрғыны вКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Мақат сауда» парақшасына кіріп, ондағы жарнама жасаушыларға хабарласып, ұсынылған тауарды алуға уәде беру арқылы ақша аудару үшін деген желеумен «Каспий голд» карточкасының нөмірін сұрап алып, оны тікелей қолдану арқылы қаражаттарын заңсыз иемденген.
Осы тектес, өзге аудан тұрғындары да әлеуметтік желілерде жарияланған жалған жарнамаларға көзсіз сеніп, тауар алу үшін алдын ала төлем жасап, алаяқтарға алданған.
Интернет алаяқтықтың тағы бір кең таралған түрі ақша салушылардың қаражатын биржалық салымдар салу арқылы қысқа мерзімде еселеп көбейтіп беру және сыйақы берген жағдайда төмен пайызды несие ресімдеуге көмектесу туралы жалған ұсыныс жасау болып табылады.
Осыған орай, аудан тұрғындарын интернет алаяқтықтың құрбаны болмау үшін сақтық шараларын алуды, тауар сатып алу немесе қызметтер алу үшін онлайн тапсырыс жасау кезінде жарнаманың шынайылығына көз жеткізуді ұсынамыз.
Сонымен қатар, сізге түрлі банктердің менеджерлері қоңырау шалса, оларға жеке деректеріңізді (банк карталарының нөмірлері, CVC-кодтар және т.б.) айтпауды, ең бірінші кезекте банктің Call-орталығына қоңырау шалуды ескертеміз.
Мақат ауданының прокуратурасы