Қанды қаңтар оқиғасы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауыр оқиға болғаны рас. Ашу-ызаға булыққан халық тұрмыстық тауқыметтерге қарсы көшеге шықты. Жұмысы жоқ, жағдайы жоқ жастар әділетсіздіктің құрбаны болды. Өкінішке орай, осы тұста қылмыскерлер мен дисскрутивті діни ұғым өкілдері Қазақстанда билікті төңкеріп, қолға алмақ болған күштер жастарды пайдаланып кетті.
Сөйтіп, олардың алдына шығып, ұрандап, тонауға, ұрлауға, мемлекеттік мекемелерді қиратуға қарай бұрып әкетті. Соның нәтижесінде қозғалысқа қатысқан жастар сол қылмыстық топтың, саяси мақсатты көздеген топтардың құрбанына айналып шыға келді. Бұл, әрине, өте өкінішті жағдай болды. Ата-бабамыздың «Ашу дұшпан, ақыл дос» деген сөзін алға тартқым келеді. Ашу үстінде істелген әрекет еш уақытта әділетке жеткізбейді. Өйткені, адам ашу үстінде түрлі қылмысқа барады. Алматыдағы мемлекеттік мекемелерді талқандау кешірілмес қылмысқа айналды. Оны талқандағанда не ұттық? Не пайда түсті? Айналып келгенде өзіміздің мемлекетімізді әлсіреттік. Талқандау арқылы экономикамызды белгілі бір деңгейге шегердік. Ал экономика болмаса, мемлекет болмаса, халықтың не керегі болады. Халық пен мемлекет бір ұғым. Мемлекетті қиратсаң халық, халықты болмаса мемлекет құриды.
Мінеки, осындай өкінішті оқиғадан соң бұл оқиғаға жалпы халық болып, Қазақстан билігі болып баға беріп жатырмыз. Кеше талқандалған, өртенген Алматы қаласы әкімшілігінің алдына Қаңтар оқиғасына арналған «Тағзым» аллеясы ашылды. Өз басым бұған риза болдым. Өйткені, мұндай қанды оқиғаның ізі тарихта қалуы керек. Қанды қырғында адам шығыны көп болды. Сондықтан «Тағзым» аллеясы құрбандарға қойылған халықтың еске алуы болды деп ойлаймын. Енді ешқашан қаңтар оқиғасы қайталанбағай, ағайын! Өйткені, қаңтарда атылған оқ мемлекетке, бәріміздің жүрегімізге тиген оқ болды.
Міне, басшымыз боп, қосшымыз боп Әділетті Қазақстан құруға бет алдық. Әділетті Қазақстан – біздің, біздің бала-шағамыздың болашағы. Баршамыз Әділетті Қазақстанның қалыптасуына бір атаның баласындай атсалысайық!
Нұрдиден Байниязов
Доссор кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы