Жүректі сыздатқан қаңтар оқиғасына да жыл толып қалды. Жұртшылықтың жанын жүдеткен қаралы күндердің қалың тұманы әлі де толық сейіле қойған жоқ, әрине. Санаға түскен ауыр салмақты жеңілдету жолында ел болып, қоғам болып атқаратын жұмыстар әлі де аз емес...
Қаңтар оқиғасы келешек ұрпаққа сабақ болатын, жүрегімізде із қалдырған оқиға болды. Президентіміз қаңтар қырғынына қатысушылардың рухына бағышталған мемориалдық ескерткішті ашты. Осы саябақ арқылы жастарымыз Тәуелсіздіктің қадірін, бейбіт күнді ұғына түседі деген сенімдемін. Тастарға қашалып ақын-жазушыларымыздың көрнекті сөздері жазылған.
Халыққа ой салатын Майқы бидің, Бұқар жыраудың, Абайдың, Мұзафар Әлімбаев, Мұқағали Мақатаев сынды тұлғалардың ой-орамдары сол бір сәтті еске салады. Әділетті Қазақстанға аяқ басқымыз келсе қаңтар оқиғасының ақиқатын ақтарып, әділетіне жетуіміз қажет.
Қайсысы арандаушы, қайсысы жазықсыз жазаланғанын, кімнің кінәлі екендігін ұғынуымыз қажет. Алдағы жыл елімізге берекесін әкеліп, мемлекетіміздің болашағы жарқын боларына сенемін. Еліміздің тұғыры биік болсын, Көк Туымыз көкте желбірей берсін!
Дәмен Алтаева
Ардагер ұстаз, Мақат ауданының Құрметті азаматы