Қытымыр қыс аяқталып, жер аяғы кеңіп, шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті.
Қашанда зор құрмет пен ыстық ықыласқа лайықты нәзікжандылар бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып жүр. Газетіміздің мерекелік санын бір қолымен отбасының түтінін түзу түтетіп, бір қолымен автокөлік тізгіндеп жүрген Сәуле Ғабдоллақызына арнағымыз келіп отыр.
Кейіпкеріміз 1959 жылы Атырау облысы Мұқыр селосында дүниеге келген. Әкесі сұм соғыста от кешкен, Ұлы Отан соғысының ардагері, ғұмырын ұстаздыққа арнаған азамат болса, ал анасы отбасының ұйытқысы болып, көп баланы дүниеге әкелген. Алтын алқа иегері. Өмірдің ащы- тұщысын бірге көрген жас отбасы кейін мұнайлы Доссор жеріне қоныс аударған.
«Ата-анам киелі мекенге жұмыс бабымен көшіп келген. Осы жерде бауырларыммен мектеп табалдырығын аттап, өсіп, жетілдік. 1968 жылы мектепті аяқтаған соң әкем өмірден озды. Анамның жанына жалау болу үшін еңбекке ерте араластым. Екі жыл бойы кітапханада кітапханашы болып қызмет атқардым. Бірақ анам қыз баласына оқудың керек екендігін айтып, екі жылдан кейін мені білім алу үшін Алматыға жіберді. Сөйтіп арман қала Алматыдағы технологиялық институттың инженер-технолог мамандығына оқуға түстім», - дейді кейіпкеріміз.
Оқуын аяқтағаннан кейін туған жерге оралып, Доссордағы комбинатта инженер, экономист лауазымдары бойынша қызмет жасаған.
«Қыз - жат жұрттық» демекші, оқуын аяқтап, еңбекке орналасқаннан кейін кейіпкеріміз тұрмыс құрған. Ақ отау тігіп, ибалы келін, асыл жар, аяулы ана атанған. Десе де тағдырдың тауқыметімен жолдасынан ерте айырылып, көзінің ағы мен қарасы болған қызын жалғыз өзі тынбай еңбек етіп жүріп, қатарынан қалдырмай өсірген.
«Өмір болған соң қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Небәрі отыз жасымда жолда-сымнан айырылып, қызымды өзім жетілдірдім.Қызыма ана орнына ана, әке орнына әке болуға тырыстым. Қызымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірдім» - дейді батыр ана.
Кейіпкеріміз отбасының ауыр жүгін мойнына арқалап қана қоймай, кәсібін де өрге дөңгеленткен.
«Еңбек бәрін жеңбек» демекші, елеулі еңбегінің арқасында Сәуле Ғабдоллақызы фабрика директоры лауазымына дейін жоғарылаған. Еңбегімен елге сыйлы атанған кейіпкеріміз осы жерден зейнеткерлікке шыққан.
Зейнетке шыққан кейін де уақытын тиімді әрі пайдалы өткізгісі келген кейіпкеріміз бала күнгі хоббиін кәсіп көзіне айналдырған. Бала кезінен бері түрлі автокөлік маркаларына қызығып, көлік жүргізуді жаны сүйетін ол бұл ісін ары қарай жалғастырып, аудандағы алғашқы әйел таксист атанған.
«Зейнетке шықпас бұрын жұмыс бабымен облыс орталығына көлігімді тізгіндеп баратынмын. Көлік жүргізуді алғаш Доссордағы авто мектептің оқытушысы Аманкелді Темірболатов үйретіп, жүргізуші куәлігін алдым. Содан бері бірде-бір жол ережесін бұзбай, айыппұлға ілінбей көлік жүргізіп келемін»,- дейді Сәуле Ғабдоллақызы.
Осылайша ол нәзікжанды болғанына қарамастан кез келген алыс қашықтықтағы жолдарға еркін көлік жүргізетін дәрежеге жеткен.
«Есімде, 1993 жылы «Audi 80» маркалы көлігімді Ақтөбе қаласынан сатып алып, өзім ауылға тізгіндеп келген болатынмын. Содан бері бірнеше көлік түрлерін ауыстырып келемін. Қазіргі астымдағы «Toyota Camry» маркалы көлігін мінгеніме де бес-алты жылдың көлемі болыпты. Көлікті 2019 жылы арнайы Арменияға барып, алып келдім», -дейді кейіпкеріміз.
Иә, такси қызметі қашанда сұранысқа ие. Жолаушыны діттеген жеріне жеткізіп ел алғысын алып жүрген кейіпкеріміз бүгінде Мақат пен Доссор арасын алтын көпір қылып жүрген тәжірибелі көлік жүргізушісі.
«Жалпы таксист болу, көлік жүргізу оңай жұмыс емес.
Көлік жүргізгенде автокөлік салонындағы жолаушыға да, сырттағы жаяу жүргіншіге бірдей жауаптысың. Қарапайым жол ережелерін қатаң сақтай отырып, жылдамдықты асырмау, адамдардың өмір қауіпсіздігі - біздің мойнымызға артылған үлкен жауапкершілік. Сондықтан жолға шыққан сайын қырағылықты басты назарда ұстаймын» ,-дейді таксист апайымыз.
Көлікке мінген жолаушының өмір қауіпсіздігі үшін жауапкершілік арқалаған Сәуле Ғабдоллақызы қызмет кезінде түрлі қызықты оқиғаларды бастан кешіретіндігін де жасыр-мады.
«Жол шытырманға толы. Көлігіме мінген әрбір жолаушы жеке заттарын ұмытып кететін кездер де аз емес. Бірде бір жігіт қомақты көлемдегі әмиян толы ақшасын көлігіме түсіріп алды. Мен де оны байқамадым. Себебі екі көзім жолда. Кейін келесі жолаушы маған әмиянның жатқандығын ескертті. Мен оны алып, иесін тауып, қаражатын толықтай жеткізген болатынмын. Әмиян жоғалтқан жолаушы ақшасын тауып бергеніме риза болып, алғысын білдірген болатын» ,- дейді адал кәсіп иесі.
Міне, осылайша қазақ әйелдерінің заманауи жарқын үлгісі болған Сәуле Ғарифоллақызы хоббиін кәсіпке айналдырған кәсіпкер, аяулы ана, немерелерінің сүйікті әжесі атанып отыр.
Ұлылардың ұлағаты, тағылымды өсиеттерінен ана – қоғамды қозғаушы күш, бірлік-тірлік негізі, ел бейнесін айқындайтын өмір айнасы, ел тұтқасы екендігін тереңірек ұғынамыз. Әйел-ананың бейнесі қашанда болса биік әрі жоғары. Мереке қарсаңында өмірдің небір өткелдерін кешкен нәзікжандыларды төл мерекесімен құттықтаймыз!
Ж.ҚАМЗА