Бүгін аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай «Арулар - асыл жандар!» атты мерекелік шара өтті.
Шараны ауданның көркем өнерпаздары “Ана” туралы әнмен ашып, залға жиналған барша нәзік жандыларға аудан әкімінің атынан арнайы гүл шоқтары таратылды.
Мерекелік шарада сөз алған аудан әкімі Азамат Мәмбетов айтулы мерекемен құттықтап, еліміздің сән-салтанаты мен Отанымыздың мерейінің үстем болуында нәзік жандылардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатқандығын айтып өтті.
Сондай-ақ, шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 30 қаңтардағы №773 Жарлығына сәйкес, көпбалалы аналарға “Алтын” және “Күміс” алқаларын табыстады.
Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлесін қосқаны үшін бірқатар нәзік жанды қызметкерлер аудан әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шара соңы аудан көркем өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, барша аруларға мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Ә.ҚАСЫМ