Теміржолшы Қамажай

Теміржолшы Қамажай
фото: кейіпкердің жеке архивінен алынды
(0 Votes)

 Көктем мезгілі жанға шуақ, көңілге жайлылық сыйлайтын уақыт. Осы көктемнің алғашқы айында атаулы мейрамдар да жетерлік. Соның бірі – халықаралық әйелдер күні.

 Әр жыл сайын тойланатын, өмірді сұлулыққа толтыратын, жан жылуы мен сәулелі сезімге бөлейтін ерекше мейрам. Нәзік жандылардың көңіліне қуаныш, құшағын гүлге толтыратын ай­тулы күн.

Осы мерекеге арқау болған ана мен әйел затының мәртебесі дүйім дүниенің, жалпақ жалғанның бар асы­лынан әрдайым жоғары тұрады. Олар отбасы жы­луы, баланың күлкісі сынды мәңгілік құндылықтармен қатар еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүрген аяулы жандар. Қос жүкті қатар арқалап жүрген әйел тұлғалары өз ісіне тиянақты, қажырлы еңбектерімен ұлттың болашағы үшін қызмет етуде. Сондай жандардың бірі - өз өмірін теміржол саласының дамуына арнап келе жатқан Қамажай Бағытова.

Ол 1964 жылы 24 сәуірде Сағыз станциясындағы теміржолшылар әулетінде өмірге келген. Кейіпкеріміздің әкесі Құлжан - құрметті теміржолшы, анасы Жұмақыз - ардагер теміржолшы. Олар Сағыз - Жан­терек теміржол аралығында теміржолды қардан, құмнан қорғау мақсатында ағаш отырғызып, жарты ғасырға жуық еңбек еткен.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген үрдіспен Қамажай Құлжанқызы әулет тізгінін жалғап, теміржол саласын таңдайды. Ол 1984 жылы Атырау теміржол тех­никумын бітіріп шығып, сол кездегі Атырау жол бөлімшесі бастығы С.Серевентныйдың жолдамасымен Мақат ау­даны, 402 бекетіне №159 машиналандырылған күрделі жол жөндеу мекемесіне жұмысқа кіреді.

«Теміржол саласына өз қалауыммен келдім. Қандай қиын жұмыс болсада еш мойы­май жұмыс жасап келе жатыр­мын. Алғаш бекетте жұмыста жүрген шағымда төрт аяқты ағаш вагонда тұрып, ағаш жа­рып, екі шақырым жерден көмір тасып, от жағушы едік. Осы ме­кемеде басқа ұлт өкілдері де қызмет жасайтын еді, әртүрлі ұлт өкілдерімен қоян- қолтық араласып, жақсы жұмыс жасадық. Содан 1990 жылдары тоқырау кезінде ПМС-159 мекемесі жабы­лып, сол жылдары Мақат стансасындағы құрметті теміржолшы, Социалистік еңбек ері Латип Шахатов атындағы №3 өндірістік жол учаскесіне ауысып, қазіргі кезге дейін инженер-технолог маманы болып жұмыс жасап келемін.

Тағдыр жолымда да өмірлік серігім осы саланың маманы. Атыраулық теміржолшы- инженер Жүніс есімді жігітпен шаңырақ көтеріп, қызымыз өмірге келді. Ол да біздің жо­лымызды қуып, қазіргі таңда Мақат стансасында қызмет етеді», - деді Қамажай Құлжанқызы.

Бар ғұмырын тоғыз жолдың торабы саналатын ауданның теміржолына арнаған ол осы са­лада түрлі қызметте жасағанын айтады.

Кейіпкеріміздің сөзінше, бастапқыда жол монтеры, жол технигі, инженер, қойма меңгерушісі, еңбекақы және нормалаушы инженері қызметтерін абыроймен атқарған. Ол өзінің жұмысын адал атқарумен қатар, сол ме­кемеде артынан ерген бірнеше ізбасар дайындап, үйретіп шығады.

«Түсінген адамға да, жасаған адамға да жол жөндеу саласы - өте ауыр да, қиын сала. Бұл жұмыстың өз қауіптілігі мен жауапкершілігі қатар тұрады. Әсіресе жол монтерлеры мен жол шеберлерінің еңбегін айт­пай кете алмаймын. Өйткені, қыстың қаһарлы боранында да, көктемнің жаңбырлы балшығында да, жаздың астап ыстығы мен күздің қара суығында да далада жұмыс жасайтын - сол жандар. Яғни теміржол бойында жүретін оларға қандай марапат берсе де лайықты деп білемін», - деді теміржолшы Қамажай Бағытова.

Осы ретте ол еліміздің аяулы арулары мен теміржолшы ару­ларды келіп жатқан мерекемен құттықтады.

«Құрметті де ардақты аналар, ару қыз - келіншектер, ардагер - зейнеткерлер, теміржолшылар! Сіздерді көгілдір көктемнің шуақты мерекесі халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

«Теміржол - экономиканың күре тамыры демекші, сіздердің ауыр да қиын, жауапты, ұшан-теңіз еңбектеріңіздің арқасында Мақат ауданының төрт бағыттан келетін, шығатын жүк пойыздары» межелі орынға уақытылы қатынап жа­тыр. Жол қауіпсіздігін сақтап, теміржолымыздың дамуына атсалысып жүрген сіздер әрбір шаңырақтың берекесі және ұжымның ұйытқысысыздар. Сіздерге шаңырақтың шаттығын, отбасының бақытын, мықты денсаулық пен ерен еңбекте толағай табыстар тілеймін!» - деп жүрекжарды тілегін арнады.

Иә, жаны нәзік әйел адамы қай саланы болмасын ілгері да­мытады. «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» де­гендей, әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласа отыра, үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынын кейіпкерімізден де аңғаруға болады. Ол жұмысының ауырлығына қарамастан адалдық, табандылық пен жауапкершілік сынды ізгі қасиеттерді бой­ына жиған, бар күш-жігерін теміржол саласының дамуы мен отбасының жылуына арнаған жан.

 Г.ЖҰБАНЫШҚАЛИЕВА

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT