Доссорлықтар тындырған іске көңіл марқаяды

(0 Votes)

Қандай да бір қиын кезеңдерді бірге өткеруде болсын, қиналған жанға қол ұшын созуда болсын, Доссор кенті тұрғындарының ауызбіршілігіне сызат түсіп көрмеген.

Доссорлық белсенділер Нұрман Ғалымжанұлы мен Талғат Айжарықұлы бастаған бір топ жігіттер ауыз толтырып айтарлықтай азаматтық іс тындырды. Дәлірек айтсақ, халықтың басын бір арнаға тоғыстырып, сауапты істің ұйытқысы бола білді.

Көктем келгелі қайырымдылық іс-шараларға білек сыбана кіріскен доссорлықтар бұған дейін де мұқтаж жандардың баспаналы болуына мұрындық болған еді. Карантин кезінде әлеуметтік әлсіз топтарды азық-түлікпен қамтыған олар елімізді дерт дендеген тұста тағы бір қайырымды іс тындырды.

b5527f91-4fcb-464b-9f79-ac8d016764ab

"Халықтың ішіндегі ахуалды көз көріп, құлағымыз естіп отырғасын қарап қалғанымыз жарамас деп, Доссор орталық ауруханасына керекті құрал-жабдықтарды алып беруге ниет еттік. Осылайша әлеуметтік желіден ортақ чат ашып, халыққа қайта үндеу тастадық. "Көп түкірсе - көл" дегендей, халық та жедел қимылдап, екі күн жарымның ішінде үш оттегі аппаратына қажетті мөлшердегі қаражатты жинап берді",-дейді Талғат Айжарықұлы.

Жеті күннің ішінде сонау түрік елінен Доссорға аппараттың жедел жетуіне де қосымша қаражат кеткен. Оттегі құралының бағасын анықтап келгенде, 420 мыңнан келгенімен, оның қаптауы мен жол ақысын қоса алғанда 493 мың теңгеге шығады екен. Бір айта кетерлігі, құрылғының осынша қымбаттығына қарамастан, жергілікті Дәурен Қабиұлы деген азамат бір данасының ақшасын өз атынан аударған. Науқас жандар мен ақ халаттыларымыз «таза су ішсін» деген оймен жинақтың үстіндегі ауысқан ақшаға суды ысытып-салқындатып тұратын екі құрал (диспенсер)алынған.

d105c9e9-ffc5-43b5-a689-32d4ca0b4162

Бұл құрылғылардың жеткенін күтіп отырмай, жергілікті жанашырлар Атырау қаласынан оттегі тасымалдап амалдаған.

Мәселен, Нәсіпқали Дауылбаев есімді тұрғын оттегіні өз көлігімен 5 тәулік бойы күніне он данадан әкеліп табыстаған. Ағамызға күндіз-түні қасында болысып жүрген жігіттер де жоқ емес. Халықтың жиналған ақшасы аппараттан бөлек су алуға да жетіп жатыр.

Доссорлық "Держава" дүкенінің иесі Бағытжан Төлеуов те белсенділер санатында. Ол да өз көлігімен оттегі тасымалдап қана қоймай, бір реттік қорғаныс киімінің 100 данасы мен 10 литр антисептик табыс еткен. Артынша әлгі "халықтық қордан" тағы 100 дана бір реттік қорғаныс киімі мен 21 оттегі әкелінді. Жұмыла көтеріп жүкті жеңілдетуге такси жүргізушілері де атсалысып жүр. Сисенов Маулен мен Құрманғалиев Қамбар атты азаматтар - өз көлігімен оттегі тасығандардың бірі.

163a835f-e84b-40e4-8cfc-cb91af496b7d

Осылайша көптен күткен оттегі құралдары Доссор ауруханасына табысталып, ем алушылардың алды игілігін көруде.

«Азаматына қарап, ауылын таны» деп атамыз қазақ бекерге айтпаса керек. Адам ағзасына ең қажетті ауа мен судың құрылғыларын сыйға тартқан ауылдың ауызбіршілігі мол тұрғындары көбімізге үлгі боларлықтай. Десе де, төсекке таңылмай, жаратушының жаратқан қос өкпесімен тыныстағанға не жетсін! Күтініп сақ болып жүрейік, ағайын!

А.САДЫКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521