Ауданда жарықпен қамтамасыз ету саласында бір мекеме, бір ұжымда 40 жыл тапжылмастан еңбек етіп келе жатқан бір адам болса, ол – Елтай Иманбаев. Бүгінде «Атырау-Жарық» АҚ аудандық электр жүйелері мекемесінде БДТ аға диспетчері қызметін атқаратын ол бұл лауазымға жету жолында ерлікке пара-пар еңбек етті.
1960 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген Елтай Қожанұлының отбасы сол жылы мұнайлы өлке - Доссорға қоныс аударған екен.
«Ауылдағы Абай атындағы он жылдық мектепті бітірісімен-ақ Кеңес әскері қатарында отан алдындағы борышымды өтеп келдім. Кейін мамандық игерместен, 1982 жылы аталмыш мекемеде кезекші электр монтері болып еңбекке араластым. Қызмет баспалдағы бойынша сатымен көтеріліп, жоғары санатты электрик атандым. Туған өлкемді үздіксіз жарықпен қамтамасыз ету үшін жастық жалыным мен жігер-қайратымды жұмсағаныма еш өкінбеймін. Қайта көп жыл бойы бірге қызметтес болған әріптестерім мен бүгінгі ұжымды зор мақтаныш етемін»,- дейді Елтай Қожанұлы.
Энергетика саласында білімі болмаған Елтайдың бұл жолда алғашқы ұстазы Николай Гусков болды. Сол жылдары мекемеде шебер болып қызмет атқарған Николай Андревич жас маман Елтайды қарауына алып, бұл салаға машықтандырады.
Аз ғана уақыттың ішінде энергетика саласының қыр-сырын меңгерген ол кәсіби маманға айналып, өзін шынайы шеберлік тұрғысынан таныта біледі. Ұйымдастыру қабілеті жоғары әрі аудан бойынша халықты жарықпен қамтамасыз етудегі тәжірибесі мол маман 1992-1996 жылдары кезекші диспетчер, 1996-2001 жылдар аралығында шебер және бас инженер, 2001-2002 жылдары энергосату инженері болып еңбек етсе, 2002 жылдан бастап табан аудармастан аға диспетчер қызметін абыроймен атқарып келеді.
Қазіргі таңда қарауында 18 маман қызмет атқаратын оның бөлімі Қарсақ, Комсомол өндіріс орындары мен Доссордағы қосалқы стансалардың үздіксіз жұмыс жасап, халыққа уақтылы жарық жетуін қамтамасыз етеді.
«Өзімізге бөлінген аймақтардың электр энергиясымен үздіксіз қамтылуын қадағалаймыз. Сондай-ақ бізге жіберілген және пайдаланылған жарықты есептейміз. Яғни, халыққа және өндіріске қанша кеткенін және қаншасын жоғалтқанымызды шығарамыз. Кейде бізден есептеліп кеткенімен, жарық жетпей қалатын жағдайлар да кездесіп жатады. Сосын жоғалған жарықты іздейміз. 90 жылдары ондай ұрлық көп болған еді. Қазір халықта жарық ұрлау деген жоқ. Біздің жұмыста барынша мұқият болу керек. Қазір мен үшін қарауымдағы 20 шақты қызметкерім таңнан кешке дейін жұмысын істеп, аман-есен үйіне қайтқаны күнделікті қуаныш»,- дейді аға диспетчер.
Елтай Қожанұлы энергетика саласында еңбегі еленген азамат қана емес, сауаттылығымен, алғырлығымен ұжымда бедел жинаған қызметкер. Өзінің еңбексүйгіш қасиетімен өңір энергетикасының қалыптасуы мен дамуына айрықша үлесін қосып, электр жабдықтарын дұрыс пайдаланып, оларды жетілдіру және жаңғырту шараларына ынта-ықыласымен атсалысып отырады. Әріптестері арасында теңдессіз тәжірибесімен бөлісіп, кейінгі ұрпаққа озық еңбек үлгісін де көрсетіп жүр.
«Қыста дәстүрлі түрде екі ай жас мамандарды оқытып, білгеніммен бөлісемін. Қай салада болмасын білімді жаңартып тұру қажет. Біздің мекемеге келген студент-практиканттарды да салаға қызығушылығын арттыру үшін, бар білгенімді үйретуден аянбаймын»,- дейді ол.
Елтай Қожанұлының отбасын «электриктер отбасы» десек, артық айтқандық емес. Оның балаларына да мамандығы жұғысты болған. Әке жолын қуған үлкен ұлы Жұмажан он жыл осы салада тер төксе, кіші ұлы Нұржан бүгінде жоғары кернеулі желінің электр монтері болып 2013 жылдан бері қызмет етіп жүр. Ал жұбайы Сәуле мекемеде техник болып қызмет атқарады.
Энергетика саласындағы жетістіктері мен жоғары кәсіби қабілеті үшін Елтай Иманбаев талай рет кәсіпорынның алғысын алып, түрлі грамоталарымен марапатталған.
Өзінің кәсіби шеберлігімен талайға ұстаз болып, бүгінде алпысты алқымдаған ол келесі жылы зейнеткерлікке шығуды жоспарлап отыр.
М.ІЗТҰРҒАНОВА