Әке ізін жалғаған ұл

фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
(0 Votes)

Қоғам дамуының өзегі – өнімді еңбек. Адам өмірінің алтын арқауы да осы маңдай тердің адал ақысы. Әрбір ұжымда ыстығына күйіп, суығына тоңып қызмет атқаратын жандар көп. Бірнеше жылдар бойы қалтқысыз қызметінің жемісін көріп, замандастарына үлгі боп жүрген азаматтар да бар. Солардың бірі – аудан тұрғындарын жарықпен қамтамасыз ету мақсатында қызмет етіп келе жатқан Болат Жұматайұлы.

«Еңбегінен ел таныр» деген сөз бүгінгі кейіпкерімізге дәлме-дәл келетіндей. Себебі, жас болса да жұмысының қауіпті екендігіне қарамастан, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын білікті маманның қызметіне бүгінде тұрғындар дән риза.

Болат Құсайын 1995 жылы 13 наурызда Ақтау қаласында дүниеге келген. Аудандағы М.Баймұханов атындағы орта мектепте білім алған ол тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң, Жаңаөзен қаласындағы «Мұнайгаз» колледжіне инженер-электрик мамандығына оқуға түседі. Оқуды ойдағыдай бітірген Болат бүгінде энергетика саласында өз ізін қалыптастырып үлгерді. 

– «Еңбек – ер атандырады» - дейді ғой. Оқуды бітіріп келген соң, ауданымыздағы электроцехқа электромонтер болып жұмысқа орналастым. Сол жердегі Әлібек Аманғалиев бастаған ортадан жұмысқа шыңдалып, оның қыр-сырын меңгердім. Себебі, кәсіптік шеберлікке жету үшін аянбай еңбек ету керек. Одан бөлек, өз ісіне деген жауапкершілік пен сүйіспеншілік болуы да маңызды. Одан кейін, 2016 жылы «Атырау Жарық» АҚ аудандық электр жүйелері мекемесіне жұмысқа орналасып, әлі күнге дейін сол жерде электрик қызметін атқарып келемін»,- дейді Болат Жұматайұлы.

Жауапкершілікті талап ететін мамандықтың біз білмейтін сырлары көп-ақ. Ал, олардың атқарып жатқан еңбектері өлшеусіз. Осы тұста еңбекке ерте араласқан кейіпкеріміз бұл мамандыққа келуіне әкесінің септігі тигендігін алға тартады.

«Әкем Жұматай Кенжеғалиев көп жылдардан бері энергетика саласында қызмет атқарған жан. Қазір зейнетке қалды. Содан да болар, мені осы қызметке баулып өсірді. Алдымен, үйдегі розеткаларды, электрондық плиталарды жөндеуден бастадым. Кішкентайымнан мұның бәрін үйренгендіктен, қызмет барысында көп көмегі тиді десем де болады. Сондай-ақ үйдің тұңғышы болғандықтан еңбекке ерте араластым. Өйткені, 2008 жылдың қаңтар айында анам дүниеден өтті. Одан соң, әкеме қолғабыс, артымнан ерген іні-қарындасыма қамқор болу, олардың мектепке қажетті құрал-жабдықтарын тауып беруді өз мойныма алдым.  Сірә, жұмыстағы жауапкершілік міндетім де осы кезден бері қалыптасса керек», - дейді маман иесі.

Айта кетейік, әке жолын жалғап жүрген ұл бүгінде жолдасы Самалмен екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты жанұя.

Болат Құсайын 2018 жылы аталмыш салада жеке кәсіпкер атанып, өз жұмысымен қатар алып жүргендігін тілге тиек етті. Бүгінде көше жарығының жауапкершілігін арқалап жүрген серіктесі Нұрлыбек Дүйсешевпен бірге жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Сондай-ақ ол 2021 жылы жас кәсіпкер ретінде аудан әкімінің алғас хатымен марапатталған.

 «Әр саланың өзіне тән қиындығы да, қызығы да болады. Біздің жұмыс көбіне далада өтетіндіктен, оған ауа-райы да әсер етеді. Соған қарамастан, барлығын бақылауда ұстаймыз. Себебі, электр желілерін қадағалау – біздің басты міндетіміз. Сондықтан, кез келген сәтте қауіпсіздік ережелерінің сақталуын дұрыс көремін. Тұтынушылар үшін жасаған қызметімнің еленіп жатқандығы мені алға қарай  жетелеп, жауапкершілігімді одан сайын арттыра түседі. Осы орайда, барша энергетика саласындағы әріптестерімді айтулы мерекемізбен құттықтағым келеді. Жасаған еңбектеріңіз үнемі елене берсін!»,- деп ізгі тілегін білдірді Болат Жұматайұлы.

Иә, мұнайлы мекенді жарықтандыруда өзіндік үлесін қосып жүрген, аталмыш сала мамандарының еңбегі қашанда зор. Себебі, осындай еселі еңбек пен таудай талаптың арқасында еліміздің энергетика саласы қарқынды дами бермек.

 

Әсем ҚАСЫМ

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT