Жеңіс мерекесінің 78 жылдығына арналған мерекелік шара 9 мамыр күні Доссор кентіндегі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлес жауынгерлерге арналған «Ұлы Жеңіске – 50 жыл» монументалдық ескеркіші алаңында өтті.
Шара басы майдан даласында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алынып, ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне жалғасты. Оған Доссор кенті әкімінің аппаратының қызметкерлері, ардагерлер, Доссор полиция бөлімшесі, «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы, мектеп және балабақша ұжымдары, Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі, Доссор селолық ауруханасы және аудандық өкпе ауруларға қарсы диспансерінің қызметкерлері қатысып, батырлар рухына тағзым етті.
Кейін кент әкімі Болат Ермеков жиылған жұртшылықты Жеңіс мерекесімен құттықтап, жылы лебіз-тілегін білдірді. Мұнан соң ардагер Діңғали Дәулетбаев сөз алып, бейбіт өмір сыйлаған жауынгерлерге шынайы алғысын жеткізді.
Шара соңы Доссор мәдениет үйінің жазғы сахналық алаңында «Бабаларға тағзым» атты мерекелік концертке ұласты.
Өнерпаздар Ж.Жұмағалиев "День победы", "Смуглянка", Г.Бисаханова "Жеңіс үні", Қ.Бағытов "Қазағым", Е.Бөрібаев "Арнау", "Көк тудың желбірегені", Д.Еримов "Темная ночь", Ж.Утепова "Айналдым елім", Ш.Қонысбаева "Журавли", "Жеңіс күні" тақырыптық әндерін шырқаса, «Еркем-ай» үлгілі би ансамблі патриоттық билерін тарту етті.
М.ІЗТҰРҒАНОВА