Аудандық жастар ресурстық орталығында Отбасы банктің өкілдері аудан жастарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында атаған банктің жауапты кеңесшісі Аругүл Бекболат аудан жастарына мемлекеттік бағдарламалар арқылы жылжымайтын мүлікті тиімді бағада сатып алу мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп өтті.
Ол өз сөзінде 16-35 жас аралығындағы аудан тұрғындарының «Асыл мекен» бағдарламасы аясында үйлі бола алатынын атап өтіп, бағдарламаның шарттарын түсіндірді. Бағдарлама ауылдық елді мекендердің бастапқы немесе қайталама нарығында пайдалануға берілген тұрғын үйді сатып алу, ауылдық елді мекендерде жеке тұрғын үй салу мақсатында жүзеге асырылатындығын айтты.
Сонымен қатар, ата-аналар үшін керемет мүмкіндік бар екенін жеткізді. Ол «Ақыл» балалар депозиті. Егер баланың болашақта біліміне инвестиция құйғыңыз келсе аталған депозитті ашып, жаңа туған баласына айына 5000 теңгеден салатын болса, жасы 18-ге келгенде жеті миллион теңге көлемінде қаржы жинап, баласының төрт жылдық біліміне және бастапқы жарна ретінде үйіне қолдана алатыны туралы ақпарат берді.
Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы негізінде ұйымдастырылған шараға мемлекеттік органның қызметкерлері, ауыл жастары және кент тұрғындары және отбасы банк қызметкерлері қатысты.
Жиын соңында, банк өкілдері жиналған азаматтармен жеке кеңестер өткізіп, депозит ашу жолдарын көрсетті.
Ботакөз Асхатқызы