«Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады» – деді мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өз жолдауларының бірінде.
Осыған сәйкес, жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды түсіндіру мақсатында аудандық Жастар ресурстық орталығында кездесу өтті. Кездесуде «Жаныңдамын» қоғамдық қоры Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Ауыл жастарының азаматтық белсенділігін дамыту бағдарламасы» және «NEET санатындағы жастардың әлеуметттік және жеке дамуы» жобалары туралы айтылды.
Сонымен қатар, жоба барысында 16-35 жас аралығындағы ауыл жастарының мүмкіндіктерін ашу мақсатында жастарға арналған несиелер мен гранттар туралы ақпарат берілді. Атап айтсақ, жастар тәжірибесі, 2,5 % несие, 5 млн пайызсыз грант, субсидиялар берілуде. Алдағы уақытта ауыл жастарының әлеуметтік жобаларын қолдау мақсатында 1 000 000 теңгеден грант беру де жоспарланған.
Жастарға берілетін 2,5 % несие 2023 жылдың наурыз айынан бастап беріле бастады. Аталмыш жоба жаңадан кәсіп бастағысы келетін немесе бар кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға арналған. Ал биылдан бастап бұл бағдарлама аясында 5,8 мың жас 5 млн теңге сомасында микронесие ала алады.
Аудандық мансап орталығының маманы Әсет Мырзахметовтің мәлімдеуінше, ауданымызда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобалар іске асырылуда. Оның ішінде, жастар тәжірибесі бойынша - 38, алғашқы жұмыс орындарына - 11, қоғамдық жұмыс орындарына - 204, әлеуметтік жұмыс орындарына - 37, «күміс жас» жобасы бойынша - 30 жас жұмыспен қамтылған. Ал кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 10 жас жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алды.
Жобалар такси қызметін көрсету, жеңіл автокөлік жөндеу, пластикалық терезе жасау, құс шаруашылығы, тігін және тоқыма, полиграфиялық қызметтер, мал шаруашылығы, жалюз жасау, полифасад жасау және қондыру сынды салалар бойынша жүзеге асырылуда.
Ж.Қамза