Бірнеше апта бойы ауданымызда халықтың дәрі-дәрмекке деген сұранысы толық қамтылмай келетіндігі баршаға мәлім. Жергілікті атқару орны мәселеге орай қарап қалмады.
Аудан әкімінің орынбасары Оксана Айкашева мәселенің оңтайлы шешілуі үшін облыс орталығы, көршілес Ақтөбе облысы және көршілес Ресей еліне дейін шығып, дәрі-дәрмекпен қамтылу мақсатында бірнеше келіссөздер жүргізіп үлгерді.
Үстіміздегі аптаның сейсенбісі күні №15 дәріханаға аз мөлшерде болса да пошта байланысы арқылы дәрі-дәрмектер келіп жетті. Әрине, бұл аудан халқы үшін жеткіліксіз. Сондықтан, Ақтөбе қаласындағы теміржол фармацевтикалық орталығымен байланысқа шығып, халыққа жеткілікті мөлшерде дәрі-дәрмек алдыруға келісімге келді.
Оны алып келу үшін жергілікті кәсіпкерлер «Газель» автокөлігін де ұйымдастырып отыр. Бүгінгі күні аптаның бейсенбісі күні Ақтөбеден дәрі жеткізу жоспарланып отыр. Ал жұма күні дәріханадан қажетті дәрі-дәрмектерді алу мүмкіндігі туады.
Қазір еліміз үлкен сынақтан өтуде. Көп ретте медицинаға жүгінген халықтың көңілі қалмай, дер кезінде ем-дом қабылдағаны маңызды болып отыр. Әрбір отандасымыздың ойлаған арманына қол жеткізіп, мемлекеттің бір мүшесі екендігін сезінгені – үлкен бақыт.
Қазіргі жасалып жатқан шаралардың бәрі әртүрлі бағалануы мүмкін. Бірақ, адами құндылық, руханияттан жоғары ешнәрсе жоқ. Сондықтан сабырлық танытып, әрбір алған дәрі жерлестерімізге шипа болуын қалаймыз.
Аудан әкімі аппараты, жалпы аудан басшылығы ел басына күн туғанда «Бір жағадан - бас, бір жеңнен - қол» шығарып, жоғары адами көзқарасын танытқан кәсіпкерлерге «Біз - бәріміз біргеміз! Елге, халыққа жасаған еңбектеріңіз абыройға жеткізсін. Әрдайым аудан азаматтары бір-бірімізге қолдау танытып, індетті жеңуге атсалысайық!» деп алғысын білдіреді.
Е.МЫРЗА
Сурет: ашық дереккөз