Адамзат астындағы арғымағын темір тұлпарға ауыстырғалы жер жүзіндегі қозғалысқа ерекше жан біте бастады. Айшылық алыс жерлерді санаулы сағаттарда артқа тастайтын автокөліктердің механизмі жыл өткен сайын жаңарып һәм күрделене түсуде. Қазіргі көліктердің ең әлсіз тұсы электроника болып тұрған шақта жүргізушілерімізді әбігерге салатын да сол тоқтың айналасы. Осы тұста ауданымызда әсіресе ер азаматтарға есімі жақсы таныс Қанат атты кейіпкеріміздің қызығы мен шыжығы қатар жүретін ерекше кәсібіне тоқталғанды жөн көрдік.
Ол мотор құрастырғаннан бөлек, көліктің электр тогын жөндеуді күнделікті кәсібіне айналдырған. Қанат 1973 жылы Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген. Жанұяда бес ұл, екі қыз болып өскен оның әкесі талай жылдар мал шаруашығымен айналысып, қой баққан кісі. Жанұяда басымы ер балалар болғасын ба, Қанат бала жасынан көлікпен ойнауға әуес болған.
«Әке-шешем малшы болса да, менің мал бағуға еш қырым болған жоқ. Менің жастайымнан айналысқаным сол темір-терсек. Үйде тұрған мотоцикл, машиналарды бала жасымнан шұқылап жүріп ер жеттім»,- дейді ол. Сөйтіп, сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін Сағыз селосындағы училищеге оқуға түскен кейіпкеріміз «машинист, тракторист» мамандығын алып шығады. Отан алдындағы борышын өтеуге Ленинград қаласына аттанғанымен, еліміз артынша өз тәуелсіздігін алып, әскери қызметін әрі қарай Байқоңыр қаласында жалғастырады. Ол жерде де көлік жүргізіп, темір тұлпардан бір елі жырақтамайды. Ауылға келісімен, алдынан күтіп тұрған жұмысы болмағасын, Атырау қаласында құрылыс жағында бетоншы болып жұмыс жасай жүріп, ауа айдайтын компрессордың жөндеушісі қызметін қатар атқарған. Дәнекерлеуші болып та біраз жерге өз қолтаңбасын қалдырған ол Қошқар мен Доссор ортасындағы жолды салуда автоэлектрик болып жасай жүріп, асфальт зауытының электр желісіне жауапты болды. «1100 кв дизельді генератор ол кездері тіпті Атыраудың өзінде болған жоқ»,- деп еске алады Қанат.
Соған бас-көз болып, май суын қадағалау тап осы Қанаттың мойнында болды.
2007 жылы Мақатқа түпкілікті қоныс аударғанымен, бұл өлке кейіпкерімізге 1995 жылдан бері таныс. Көшіп келісімен араға жыл салып, «ЛТД Энергетик» ЖШС-не «электрик монтажник» болып жұмысқа орналасты. Міне, осы тұстан бастап Қанаттың бала кезгі арманына қанат біте бастады. Ол жерде 2010 жылға дейін еңбек етіп, әрі қарай кәсібін өз бетінше жеке кәсіпкер болып үйінен жалғастыра бастады. Содан бері автокөлік оңдау, әсіресе көп адам тілін түсіне бермейтін шетелдік көліктердің кемшілігін жөндеу оның сүйікті ісіне айналды.
Толығырақ газетіміздің кезекті санынан оқи аласыз!
А.САДЫКОВ
Сурет автордікі