Күз келіп күн суытқалы кейбірімізде тұмау белгілері қылаң бере бастағандай. Қызуымыз көтерілсе есімізге сап ете қалатын аты жаман аурудың алғашқы толқынында салған әлегі аз емес еді.
Тіпті қарапайым бетперде мен "аспириннің" өзі іздесең таптырмайтын құнды дүниеге айнала жаздаған. Біріміз қолдан тіктік, біріміз аяқтай жүріп өз көлігімізбен ақтөбеден тасымалдадық. Сергелдеңге түскен шағымыз әйтеуір ауызбіршілігіміздің арқасында артта қалды.
Соңғы күндері дүниенің түкпір-түкпірінен коронавирустың екінші толқыны жайлы, тіпті тіркеліп жатқан антирекордтар легін көзіміз шалып, көңілімізге алаң орнап жатыр. "Жаман айтпай жақсы жоқ" демекші біз де бейқам отырмай кентіміздегі дәріханаларға барып керек-жарағымыздың қоры туралы сұрастырып қайттық.
Бірінші толқында кеткен олқылықтар дәріханаларға да дәрі іздеушілерге де сабақ болса керек. Бірінші болып жолымыз №15-ші дәріханаға түсті. Мұндағылар "біржола дайынбыз" дейді.
"Бір айға болмаса да бір аптаға жететін дәрі-дәрмегіміз бар. Біз дәрінің алдыңғы легі сатылмай, үсті-үстіне әкеле алмаймыз. Теміржолымыз тоқтап қалмаса, әзірге үзіліп жатқан жоқ. Бетперделеріміз де мол. Қарбалас кезінде 5 мың данасын алдыртқан болатынбыз. Соның әлі мың данасының үстінде бар. Тіпті көбірек алынып қойған 700 дана натри хлорының жартысын кері қайтарып жатырмыз. Бұлар кезінде ең қажетті деген дәрінің тізімінде еді",-дейді дәріхана меңгерушісі Ақжұма Жаксымбекова.
Қашан көрсеңде кісі арылмайтын дәріханалардың бірі базар маңында орналасқан "Витаминка". Дәріхана иесі Таня Пархоменконың айтуынша мұнда да дәрі қоры жеткілікті. Екі мыңға жуық бетперде мен төрт мыңдай қолғап бар екен. Вирусқа, жөтелге қарсы дәрілердің атауын тізе жөнелген Таня апайымыздың қазақша керемет сөйлейтіндігіне де таңданысымызды жасыра алмадық. Аспириннің де саны айтарлықтай мол әрі бағасы арзан. Баға демекші дәріханадан тағы бір дүниені көзіміз шалып қалды. Бұл - QR-кодтар арқылы дәрілік заттардың бағасын тексеруге болатын арнайы жапсырма екен.Ол үшін ұялы телефоныңызға арнайы қосымшаны енгізіп сізге сатып тұрған дәрінің штрихкоды арқылы шекті бағасын біле аласыз. Егер бағасы көрсетілген мөлшерден асып кетсе заң органдарына жүгінуге толықтай мүмкіндігіңіз бар.
"Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" демеуші ме еді. Ендеше сақтық шараларына барынша мұқият болып, денсаулығымызды аманат ретінде сезінейік.
А.САДЫКОВ