Тоғыз жолды тоғыстырған теміржол торабы аудан орталығын Бәйгетөбе аулынан бөліп жатыр. Қазіргі төтенше жағдай кезінде теміржол бойындағы сабылған қозғалыс тынышталғалы арғы беттегі Бәйгетөбе кәдімгідей анық көрініп тұр.
Сол аядай ауылдың ауызбіршілігі әрекетінен-ақ көрініс бергендей. Бұл ауылда өтетін кез келген алқалы жиын ауызы дуалы ақсақалдарының араласуымен өтеді. Танысын-танымасын, кішісі көрген жерде қолын ала жүгіріп амандасатын "қазақылықтың қаймағы бұзылмаған" Бәйгетөбе - берекелі мекен.
Ауылдың тұрғындарына бірінің басына түскен істі бөлісіп азайту, қуанышын бөлісіп көбейте салу еш қиындық келтірмейді. Қандай жүк болмасын, жұмыла көтеріп, туған өлкелерін ынтымақ пен бірліктің ұясына әлдеқашан айналдырған.
Салтынан жаңылмаған қазыналы қарияларымыздың да көбісін осы мекеннен ұшырастырамыз. Бірақ, бұл жолғы тоқталғымыз келіп отырған буын - алдыңғылардың ақ батасымен жетілген жалынды жастары һәм олардың ауыз толтырып айтарлықтай бірегей ісі.
Жасыратыны жоқ, айналамызды абаттандыруға ел бюджетінен бөлініп жатқан қаржы мен қабылданған бағдарламаларда есеп жоқ. Қынжылтатыны, Қазақстанның - "жасыл елге" айналу барысы өте баяу, егілген талдардың жартысынан көбін не мал жеп кетеді, не уақытынан бұрын қурап қалады. Тіпті тап осы Бәйгетөбе әкімінің есеп беру жиынында да ауыл ақсақалдары толтырып тал еге бергеніңше, бір тал болса да, жасалынатын күтімге көп көңіл бөлінуін қадап айтқаны есімізде еді.
Міне, кеше ғана қадірлі мекеннің жалынды жастары ауылға керекті маңызды нысанның "кірпішін қалады".
Жылдан-жылға қанатын кеңге жайып келе жатқан жұртшылыққа шағын болса да, бір саябақ керек-тін. Осы орайда ауыл жастары «бір жағадан бас шығарып», істі қолға алуы үшін әкімшіліктен арнайы жер сұрады. Басшылар да бұл істі бір ауыздан мақұлдап, округтің әкімдік үйі орналасқан бетіндегі асфальттың жанынан 900 шаршы метр көлемінде жер берген.
Бүгінгі таңда ауыл тұрғындары шағын саябаққа өз қолтаңбаларындай ғып үйлерінен кемі екі-үш талдан әкеліп егуде.
"Бұлардың арасында жай талдар да, жеміс ағаштары да бар",- дейді Бәйгетөбе жастары.
Өз күштерімен су құбырын жүргізіп алған олар енді басшылық суаруға жұмсалатын судың қаржысына көмектессе дейді. Ал, жерді рәсімдеуге аудандық жастар ресурстық орталығы ықпал етуге уәде берген. Туған жеріне туын тігіп жүрген Бәйгетөбелік жастардың ісі көпке үлгі болса дейміз. Бүгінгі еккен шыбықтарыңыз ертең алып бәйтерекке айналып, есімдеріңіз сол бәйтеректің саясындағы ұл-қыздарыңыздың есінде жаңғырсын.
А.САДЫКОВ
Сурет автордікі