Мақатта шектеуге бағынбаған 4 адамның ісі сотқа жолданды

(0 Votes)

Мақат ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Гаухар Тоғаеваның қаулысына сәйкес 10 сәуірден бастап өңірде бірқатар шектеулер енгізілді.

Аудан тұрғындарына сағат 21.00-ден таңғы 6-ға дейін көшеге шығуға тыйым салынды. Алайда карантиндік режимді сақтауға құлықсыздар да бар. Ауданның тәртіп сақшылары түнгі рейд ұйымдастырып, карантин қағидаларын бұзғандарды жауапқа тартуда. Сақшылармен түнгі рейдке шыққан біз де тұрғындардың немқұрайлы көзқарасына көз жеткіздік.    

whatsapp-image-2020-04-15-at-10_32_17-1                                  

Сағат тілі шекті уақытты көрсеткеннен кейін полиция қызметкерлері жұмысын бастады. Дегенмен кент көшелерінде бұрынғыдай сабылыс жоқ. Қозғалыс біраз саябырсыған. Тәртіп сақшылары 21:00-ден кейін көзге түскен көліктерді тоқтатып, жіті бақылауға алды. Құжаттарын тексеріп, төтенше жағдай режимін түсіндірді. Алғашқы уақытта полиция қызметкерлері ескерту жасап, үйден шығуға болмайтынын айтып, қаулымен таныстырды.        

Кейін тәртіп сақшылары беймезгіл уақытта қаулыға бағынбаған көлік жүргізушілерді тоқтатып, заңға сәйкес бөлімшеге жеткізіп, ҚР Әкімшілік кодексінің 476-бабы бойынша төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.              

Жалпы Мақат және Доссор кенттерінде жүргізілген рейд барысында төтенше жағдай режимін бұзған 4 тұрғынға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, істері сотқа жолданды.

whatsapp-image-2020-04-15-at-10_32_18      

Мақат аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Руслан Мажитовтың мәліметінше, жалпы ауданда карантин кезінде тәртіп бұзған 15 тұрғын тіркелген. Оның ішінде 1 дүкен, 1 шаштараз иесі режим бұзса, 4 көлік жүргізуші және 9 жаяу жүргінші негізсіз жүрген жерден ұсталған. Іс-материалдары онлайн режим арқылы қаралып, сот қаулысы бойынша 7 тұрғынға он айлық есептік көрсеткіш негізінде 27780 теңге айыппұл салынған. Тәртіп сақшылары рейд үзіліссіз жүретінін айтады. Мақсаты - ауданға қауіпті індеттің келуін болдырмау. Сондықтан басты талап - үйде болу!

Толығырақ газетімізден оқи аласыз!

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Сурет автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT