Бүгін, 18 қаңтар күні «AMANAT» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс XXXVII конференциясы партия филиалының мәжіліс залында өтті.
Оған облыстық партия филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Арман Азаматов, сондай-ақ партия ардагерлері мен белсенділері, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары мен «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері қатысты.
Конференция жұмысын аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Әсел Қаржауова жүргізді. Күн тәртібіне екі мәселе қойылды. Бірінші мәселеде «AMANAT» партиясы аудандық филиалының 2022 жылы атқарған жұмыстары және аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Ал конференция жұмысында қаралған екінші мәселе төңірегінде «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасын сайлау бойынша сөз алған партия ардагері, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ахметжан Жұмағалиев аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Әсел Қаржауованың кандидатурасын ұсынды. Делагаттар тарапынан ұсыныс ашық дауыс беру арқылы қолдау тауып, партия филиалының төрағасы болып Әсел Шайзадақызы сайланды.
Конференцияда жаңадан сайланған филиал төрағасы Әсел Қаржауова өзіне жүктелген сенімге ризашылығын білдіріп, партияластарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Жиын қорытындысында сөз алған облыстық партия филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Арман Азаматов халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған партия жұмысын күшейту мәселелеріне тоқталып, «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы жаңа бастамаларына ақ жол тіледі. Сондай-ақ Арман Серікұлы «Мақат» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Марал Өтешова және «Болатжол» бастауыш партия ұйымының топ жетекшісі Ахмет Бисеновқа партия төрағасы Ерлан Қошановтың «Құрмет грамотасын» табыс етті.