Аудан ақындарының абыройы асқақтады

(0 Votes)

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын

Қазақтың келістірер қай баласы?», - деп ұлы ақынымыз Абай айтқандай ел ішінде болмаса да ұқсап бағып жүрген жас дарындарымыздың қатары көп.

«Болам деген баланың бетін қақпай белін буатын», «бұлақ көрсе көзін ашатын» алдыңғы буын өкілдері де баршылық. Сондықтан шығармашыл жастардың қанат қағуына себепші болатын игі шаралардың арасы ұзаған емес. Жақында облыстағы 18 бен 40 жас аралығындағы 37 ақын-жазушының үздік шығармалары жинақталған антология жарық көрді.

Өткен аптаның жұма күні Нұмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының қабырғасында өткен «Армантауға асыққандар» кітабының таныстырылымын филология ғылымдарының кандидаты, ақын Гүлзада Ниетқалиева жүргізді. Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының басшысы Қойшығұл Жылқышиевтың бастамасымен, Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауидің және демеушілердің көмегімен жарық көрген кітапқа алғы сөзді облыс әкімі Серік Шәпкенов жазған. «Бұл жердегі мақсатымыз жастарды қолдау, таланттарды тану, әдебиетке жаңа есімдердің енуіне себепші болу»,- дейді ұйымдастырушылар.

Шара жүргізушісі Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабай, өлкетанушы-жазушы, жаратылыстану ғылымдарының академигі Өтепберген Әлімгерейұлы, жазушы-өлкетанушы Мұрат Бектенов, балалар ақыны Болат Дәулетов, ақын Бүркіт Базарбаев, «Сарайшық» журналы редакторының орынбасары, ақын Нұрым Ерғалиев, «Елсана»  ұлттық-патриоттық қауымдастығының басшысы Нұрберген Дәулетов сынды арнайы шақырылған қонақтарды таныстырып өткеннен кейін алғашқы сөз кезегі Қойшығұл Өмірұлына ұсынылды. 

bvgbfvgcvfrr

«Осыдан жиырма жыл бұрын «Армантау» деген атаумен жыр жинағын шығарған болатынбыз. Сол кезде өлеңдері алғаш жарық көрген ақындар бүгінгі күні мықты ақын болып қалыптасты. Кейбірінің шығармалары жастардың арасындағы аға буыны ретінде осы кітапқа еніп отыр. Жинақтағы барлық өлеңді шедевр дей алмаймыз, бірақ поэзия әлеміне тәй-тәй басқан қаламгерлерге мотивация бергендей болып ешкімді тізімнен тыс қалдырмауға тырыстық. Тағы бір айта кететінім, Қазақстан Жазушылар Одағының келесі съезді Атырау қаласында өтеді деп жоспарлануда. Екі кітап шығарған болсаңыз, сол съездте-ақ одақтың мүшелігіне өтетін мүмкіндіктеріңіз бар. Биылғы жылы да Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығы, Мұрат Мөңкеұлының 180 жылдығы секілді атаулы күндер көп. Соған орай алдағы уақытта мүшәйралар мен айтыстар өтетін болады. Өлең жолында барлықтарыңызға сәт сапар тіледім!», - дей келе құрманғазылық жас ақын Еркеназ Қалижанға жазушылар одағының мүшелік билетін табыстады. 24 жасында-ақ екі кітап шығарып үлгеріп, осындай жетістікке жетіп тұрған Еркеназдың таланты мен еңбекқорлығының ескерлігені шығар дедік. Шараның құрметті қонағы Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов та өз атынан жаңа кітаптың жарық көруімен құттықтады.

ҚР Білім беру ісінің үздігі, филология ғылымдарының докторы, ақын Қадір Жүсіп кітап туралы пікірін білдіріп кеткеннен кейін ақындар кезегімен шығып, жиналған жұртшылыққа туындыларын оқыды. Оқылған өлеңдердің қатарында махаббат лирикасы, азаматтық поэзия, ұлы тұлғаларға арналған жырлар да болды.

nnhbhgggbb

Жинаққа жырлары енген жандардың қатарында ауданымыздың төрт ақыны бар. Олар: аудан әкімінің кеңесшісі Әнуарбек Садықов, Л.Шахатов атындағы орта мектеп директорының оқу ісінің меңгерушісі Мөлдір Несіпбаева және «Мақат тынысы» қоғамдық-саяси газетінің тілшілері Асылбек Есжан мен Әсем Қасым.

dbvccffdc

«Бала күнімнен өлең жазуға құмармын. Қазіргі таңда аудандық, облыстық деңгейдегі мүшәйраларды жібермеуге тырысамын. Жырларым жинаққа алғаш рет енгесін ерекше қуаныштымын. Жарияланғанның бәрі соңғы жазған туындаларым»,- дейді Л.Шахатов мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Мөлдір Несіпбаева.

Жүргізуші айтып кеткендей, барлық аудандармен салыстырғанда антология құрастыруға  белсене көмектескен Қызылқоға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ақтаевқа және басқа да қолдау танытқандарға алғыс хат берілді.

Сондай-ақ шара барысында өнерсүйер қауым Гүлмайдан Сүндетова, Шолпан Мұқашева, Жасұлан Базарбаев сынды дәстүрлі әншілердің өнеріне куә болды. Жинақ авторларының  ендігі жоспары 40 жастан асқан ақындардың еңбегін басып шығару.

                                                                                                                                                     А.Есжан

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT