Волонтерлік және ерікті ұйымдар арқылы азаматтардың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін Республика күні қарсаңында «Жаңашыр Жүрек» республикалық халықтық акциясы бастау алған болатын. Акцияның әлеуметтік миссиясы – әрбір азаматтың мұқтаж жандарға көмек көрсетуіне мүмкіндік беру.
Қайырымдылық идеясын жергілікті бизнес-қоғамдастықтар, демеушілер, меценаттар азық-түлік сатып алып оны үлестіріп және тазалық жұмыстарын жүргізу арқылы жүзеге асыра алды.
Осы ретте ауданда да аталмыш акция белсенділікпен жүргізілуде. Мәселен, аудандағы «Еrkemai.kids» балалар киім дүкенінің иесі екі аз қамтылған, көп балалы отбасының жаңа туылған сәбилеріне арнап қыстық киетін комбинезон мен киімдер сыйға тартты.
Сондай-ақ, акциясы аясында өткізілген "Ардагерлерді ардақтайық" қайырымдылық шарасы барысында ерікті жастар жалғызбасты қарияға көмек қолын созып, баспанасын ретке келтіріп берді.
Айта кетейік, Мақат кентінде мұқтаж азаматтар үшін кеңсе тауарлары, киім-кешек, тұрмыстық техникалар жинау пунктерін ұйымдастыру мақсатында аудандағы “Демеу” әлеуметтік дүкені қызмет көрсетуде. Акция аясында әлеуметтік дүкеннен екі тұрғын балалары мен өздеріне жылы киімдерді таңдап алған болатын. Сондықтан аудан тұрғындарын аталмыш дүкеннен әлеуметтік көмек алуға болатынын ескертеміз.
Өз тілшіміз
Сурет: ашық дереккөз