Ауданда спортты дамытуға жол ашылады

(0 Votes)

Аудандық мәдениет үйінде өткен «Нұр Отан» партиясы Мақат аудандық филиалының ХХVІІІ есеп беру – сайлау конференциясына 200 делегат қатысты.

Аудан әкімі, аудандық филиал төрағасы Жұмабай Қарағаев конференция жұмысын жүргізіп, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының Саяси кеңес мүшесі Гүлмира Шәкірова, Мақат аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Әсима Мендалиева 2017-2018 жылдары аудандық филиал атқарған жұмыстар мен алға қойған міндеттер туралы тапсырмаларды талқылады.

Күн тәртібінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындаған міндеттер туралы Ж.Қарағаев баяндама жасады.

Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді саралаған баяндамашы Ж.Қарағаев Жолдауда негізгі 6 бөлімнен тұратын бағыттары табысты өсіру, кәсіпкерлерді қолдау, ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті өңірлерді дамыту, тұрмыс сапасын арттыру мақсатында оқу-білімді сапалы дәрежеге жеткізу, медициналық қызмет сапасын жоғарылату, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру үшін қолжетімді баспана және тұрғын үйлермен қамтамасыз ету, құқық қорғау органдары мен сот жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік қызметшілер сапалылығын арттыру, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу сияқты кемел де келелі мәселелер толық қамтылып, көптің жүрегінен орын алып отырғанын жадылады.

Сонымен қатар, жекелеген басымдықтарға және осы басымдықтардан туындайтын міндеттер аясында ауданда жасалатын жұмыстарға тоқталды. Жолдаудан туындайтын басты міндеттердің бірі – халық табысының өсуі болса, аудан кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету мақсатында жоспарлы оқыту-семинарларын ұйымдастырудың маңызын тарқатты.

Жолдаудың екінші басым бағыттарының бірі – халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында білім, ғылым, денсаулық салаларына айрықша көңіл бөлініп, осы салаларға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып, мектеп, балабақша саласындағы реформалық өзгерістерден оң нәтиже күтілетінін атап өтті. Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығына тоқтала келе, Елбасы барлық мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді тапсырса, аудандағы барлық білім беру ұйымдарында бұл мәселе шешімін тапқан. Сонымен қатар, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыруда бұл Жолдаудан тыс қалмады. Бұл бағытта ауданда Кросс-фит кешенін, 320 орындық спорт кешенін, көп салалы спорт кешенін және жүзу бассейнін салу, Қ.Сәтпаев көшесіндегі ескі стадионды қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу, Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі аймағына волейбол, баскетбол, жарыс алаңдарымен қоса, 1000 орындық ашық стадионы бар дене шынықтыру және сауықтыру кешендерінің жоба-сметалық құжаттамасы жасақталып жатырғанын алға тартты. Қазіргі таңда бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны – 5290 болса, оның ішінде жастардың үлесі – 44 пайыз. Осы орайда аудан басшысы дене шынықтыру және спорт бөліміне жастар үлесін 2 пайызға арттыруды тапсырды.

Ал негізгі үшінші басымдық – өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру бағытында тұрғын үймен қамту, жастар аллеясын безендіру, жолдарды жақсарту мәселелері қозғалды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында, ауданда атқарылу үстіндегі жұмыстар сараланды. Елбасы құқық қорғау органдарының жұмысын жақсартуды, қылмыс деңгейін төмендетуді міндеттеуі жауапкершілік жүгіне салмақ қосқандай.

Аудандағы қылмыстылық деңгейі былтырғы жылмен салыстырғанда 88-ден 73-ке, яғни 17,0 пайызға төмендегенмен, алаңдататын жайт – жол-көлік оқиғаларының ұлғаюы, соның салдарынан адам өлімінің көбеюі болып отыр. Аудандық ішкі істер бөлімінде қазіргі таңда 49 штат бірлігінің орны бос тұрғанын тілге тиек еткен аудан басшысы ішкі істер бөлімінің басшысына аталған бос орындарды кәсіби, білікті мамандармен толықтыру жұмыстарын жүргізуді және аудандағы қылмыспен күресті күшейту жұмыстарын тапсырды.

Сондай-ақ, ІV басымдық – азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруды тапсырып, биылғы жылы елімізде 4 мемлекеттік органда пилоттық жоба жүзеге асырылып, оң нәтиже бергенін тілге тиек етті. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілер және бюджеттік мекеме қызметкерлер саны қысқартылып, үнемделген қаржы мемлекеттік қызметшілер жалақысын көтеруге жұмсалатын болады дейді. Аудан әкімі аппараты орынбасарларыммен бірлесе отырып, мемлекеттік қызметшілердің функциясын зерделеп, оңтайландыру жұмыстарына, жалақыны факторлық балдық шкала арқылы есептеуге дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бесінші басымдық - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы одан әрі жалғасын тауып, жастарымызды қолдау мақсатында Мақат кентінде орналасқан, бос тұрған бір су қоймасы қазандығын Жастар орталығы және мұражай ретінде қайта жаңғырту үшін жоба-сметалық құжаттама жасақталуда. Бұл жобамыз іске асатын болса, аудан жастары заманауи үлгідегі жаңа ғимаратқа ие болады деп күтілуде. Алтыншыдан, Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынуы еліміздің ертеңгі тұтқасы – жастарымызға деген үлкен қамқорлық болмақ.

Бұл орайда, аудандық ішкі саясат бөліміне аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып, «Өз жеріңді танып біл!» бастамасы аясында еліміздің танымал жерлерімен аудан жастарын таныстыру мақсатында жоспар жасақтап, білім беру бөліміне «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін арттыру міндеттерін тапсырды.

Күн тәртібінде аудандық филиалда фракция талаптары мен партиялық жобалардың жүзеге асуына қазіргі таңдағы 2374 партия мүшесінің белсенділігі, қоғамның дамуы мен тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы іс-шараларға ықпалы туралы баяндалды. Десе де, партиялық жоспарға сай жүзеге асып жатырған жұмыстардың жариялануы бастауыш партия ұйымдары тарапынан әлі де кемшін қалып жататыны да айтылды. Бұл мәселені шешу арқылы халықтың елдің игілігі үшін белсенді қызмет көрсетіп келетін бас партияның бастамаларына елдің сенімін арттыруға зор ықпалы болар әрекет деп білеміз. Жарыссөзге қатысушылар қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру бағытында Жолдауда айқындалған тапсырмалардың елдің сенімін оятып, жастарға жігер берер тапсырмаларды қолдайтындарын білдірді. Конференция жұмысы барысында аудандық филиалдың саяси кеңесі және Бюро құрамын, сонымен қатар, облыстық ХХVІІІ есеп беру – сайлау конференциясына делегаттар сайлады.

Л.НҰРБАЕВА.

Суреттерді түсірген: А.ТАУМҰРЫНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521