Ауданда робот құрастырушылардың сайысы өтті

(0 Votes)

Робототехникамен айналысатын дарынды балалар мен талантты жасөспірімдерді анықтау үшін Б.Қанатбаев атындағы орта мектеп базасында «Robotek Grand Tournament – 2023» республикалық турнирінің аудандық кезеңі өтті. 

Чемпионаттың мақсаты - оқушылардың техникамен жұмыс жасау дағдыларын дамыту, инженерлік ғылымдар, бағдарламалау және басқа да инновациялық білім беру технологиялары саласындағы дарынды оқушыларды анықтау және қолдау, елдің робо-спорт резервін қалыптастыру болды.

Байқау 5 санат бойынша «Робо-сумо», «Кегельринг-квадро», «Сызық бойымен жарыс», «Лабиринт», «Биатлон» жарыс түрінде өтті. Онда қатысушы 10-17 жас аралығындағы оқушылар жас ерекшелігіне қарай сынға түсті.

Жеребе тастағаннан кейін қатысушылар жарысқа кірісіп, онда роботтарды құрастыру және бағдарламалау дағдыларын көрсетті. Барлық 5 санаттағы әрбір жарыс өзінше ерекше және қызықты өтті, сондықтан төрешілерге талантты қатысушыларды бағалау оңай болмады.

Жарыс қорытындысы бойынша «Робо-сумо» санаты бойынша Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің оқушылары Абзал Карим, Алдияр Бисекенов І орынға ие болса, Балалар мен жасөспірімдердің дене тәрбиесі даярлық клубының қатысушылары Ақниет Ерланұлы, Расул Бисенбай ІІ орынмен марапатталды.

«Кегельринг-квадро» санаты бойынша О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінің оқушылары Рахима Талап, Айым Сисенғали жеңімпаз атанды.

Кезекті «Сызық бойымен жарыс» санаты бойынша О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінің оқушысы Бейбарыс Серікұлы І орын, Х.Санбаев атындағы орта мектебінің оқушылары Азамат Жақсығали, Нұрасыл Боранбай ІІ орын, Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің оқушылары Жанель Ермек, Әсел Сисенбай ІІІ орынмен марапатталды.

«Лабиринт» санаты бойынша Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің оқушылары Данияр Серік, Нұрасыл Сергоұлы және «Биатлон» санаты бойынша Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің оқушысы Ерғали Қасымқожа үздік деп танылды.

«Біз досымыз екеуміз бірге дайындаған жобамызды сайысқа әкелдік. Досым бағдарламалаумен айналысады, ал мен құрастырамын. Біз өз жұмысымызбен мақтанамыз. Өз басым робототехникадан өтетін жарыстардан қалмауға тырысамын», – дейді Алдияр Бисекенов.

Айта кетейік, бірінші орын алған жеңімпаздар «Robotek Grand Tournament» робототехника чемпионатының республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайды.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521